Жұма намазы кезінде мешіттегі жарылыстан 31 адам қаза тапты
Жарылыс Хадиджа-тул-Кубра мешіті аумағында болған.
Пәкістан астанасы Исламабад қаласында жұма намазы кезінде мешітте жарылыс болып, кемінде 31 адам қаза тауып, тағы 169 адам түрлі деңгейде жарақат алды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Arasha.kz.сайтына сілтеме жасап.
Reuters агенттігінің мәліметінше, жарылыс Хадиджа-тул-Кубра мешіті аумағында болған. Полиция дерегіне сүйенсек, күдікті мешіттің кіреберісінде тоқтатылған сәтте жарылғыш құрылғыны іске қосқан.
Исламабад комиссарының орынбасары Ирфан Мемон жараланғандар саны әлі де нақтылап жатқанын айтты. Зардап шеккендер қаланың бірнеше ауруханасына жеткізілген.
Пәкістан билігі қаза тапқандардың отбасыларына және жарақат алған азаматтарға қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Ал елдің сыртқы істер министрі Исхак Дар бұл шабуылды "аса қатыгездікпен жасалған қылмыс" деп бағалады.