Қоғам

Интернет алаяқтары 13 жастағы оқушының суреттерін пайдаланып интимді қызмет ұсынған

Алматы маңындағы ауылда 8-сынып оқушысы кибербуллингке ұшырады. Бәз біреулер әлеуметтік желіде 13 жастағы қыздың суреттерін пайдаланып парақша ашып, интимді қызмет ұсынған.

Әлеуметтік желіде оқушының суреттері мен ұсынған қызметтерін көрген шетелдіктер қыздың нөміріне хабарласқан.

Анасының айтуынша, қызының мұндай жағдайға тап болғанын оның телефон нөміріне шетелдік нөмірлерден жазып, хабарласқанда ғана білген. Белгісіз еркектер кәмелетке толмаған қызға ақша ұсынып, интимді қызмет көрсетуді сұраған. Отбасы жалған аккаунтты мектептегі біреулер ашты деп санайды. Өйткені қаскөйлер қыздың жеке деректерін, яғни оқу орнының нөмірі мен мекенжайын пайдаланған. Ал бұл деректерді тек оның мұғалімдері мен сыныптастары біледі. Ата-анасы жалған парақшаға өздері жазғанда "қызыңа зәбір көрсетеміз" деп қоқан-лоқы көрсеткен. Бірақ көп ұзамай парақша өшірілді.

Кейін ата-аналармен және полициямен бірлесіп шаралар қабылданып, заңға сәйкес айыппұлдар мен басқа да жазалар қолданылмақ.