Астана – Павлодар тас жолында жылдамдық шегі төмендетіледі
Шешім қысқы кезеңде жол-көлік оқиғалары санының артуына байланысты Ішкі істер министрлігі тарапынан қабылданған.
Астана – Павлодар бағытындағы автожолда жол-көлік оқиғаларының көбеюіне байланысты рұқсат етілген жылдамдық уақытша төмендетіледі.
Бұған дейін жүргізушілер бұл учаскеде 140 км/сағ жылдамдықпен жүре алса, 9 ақпаннан бастап ең жоғары шек 110 км/сағ болады. Бұл туралы ҚазАвтоЖол хабарлады.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, ауа райының қолайсыздығы мен жол жабынының тайғақтығы апат қаупін күшейтіп отыр.
Жылдамдықты шектеу уақытша сипатқа ие және суық маусым аяқталғанға дейін қолданылады. Көктем мезгілінде ауа райы тұрақталған соң, бұрынғы жылдамдық режимін қайта енгізу жоспарланып отыр.
Жол қызметтері жүргізушілерді қауіпсіздік талаптарын сақтауға, арақашықтықты қатаң ұстануға және қысқы жағдайда жылдамдықты асырмауға шақырады.