«Яндекс. Такси» Алматы прокуратурасына такси жүргізушілерінің табысы туралы мәлімет жібереді
Бұл алименттен жалтарумен күресті күшейту мақсатында жасалмақ.
Алматы қаласының прокуратурасы мен Yandex Qazaqstan алимент төлеуден жалтаруға қарсы іс-қимыл және балалардың құқықтарын қорғау бағытында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы Алматы қаласының прокуратурасы хабарлады деп мәлідейді Oimaqnews.kz.
Келісім жүйелі әрі заңды ақпараттық өзара іс-қимылды, деректермен жедел алмасуды, сондай-ақ табысын жасыру және алимент бойынша берешек қалыптастыру фактілерін анықтау мен жолын кесуге жәрдемдесуді көздейді.
Қала прокуроры Серік Кәріпбековтің айтуынша, алимент төлемейтін кейбір азаматтар ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелгенімен, шын мәнінде цифрлық платформалар арқылы, соның ішінде «Яндекс.Такси» сервистері арқылы табыс табады. Өткен жылы осындай 110 дерек анықталып, 57 адамға әкімшілік шара қолданылған, 10 факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
Прокуратураның мәліметінше, меморандум аясындағы бірлескен жұмыс алимент өндіру тиімділігін арттырып, балалардың заңды құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталады.