Қоғам

Атыс қаруларын иемденген инспектор сотталды

Ұлытау облысында өзінің қызмет бабын заңсыз баю құралы ретінде пайдаланған полиция департаментінің қару айналымын бақылау жөніндегі инспекторына сот үкімі шықты, деп хабарлайды oimaqnews.kz Қылмыстық істер жөніндегі Кассациялық сотқа сілтеме жасап.

А. бірнеше жыл бойы азаматтар кәдеге жарату үшін тапсырған атыс қаруларын жүйелі түрде өзіне иемденіп отырған. Жеті мылтық арнайы сақтау қоймасына тапсырылмаған. Ол ешқандай құжат ресімдеместен, оларды үйіне алып кеткен.

2024 жылғы наурыз айында А. ақшалай заңсыз алым жинауға кіріскен. Қару иесі К.-ға Қарағанды қаласында сараптама жүргізу үшін 25 000 теңге қажет екенін айтса, Н.-ға 60 000 теңге мөлшеріндегі айыппұлды 30 000 теңгеге «мәселені шешіп беруге болады» деп мәлімдеген.

2024 жылғы 26 желтоқсанда Жезқазған қалалық соты А.-ны қызмет бабын пайдалана отырып қаруды жымқырғаны үшін (ҚР ҚК-нің 291-бабы 3-бөлігінің 1) тармағы) және қызмет бабын пайдалана отырып алаяқтық жасағаны үшін (ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 2) және 4) тармақтары) кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, сондай-ақ өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырды.

Облыстық сот жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлардың жиынтығын ескере отырып, үкімді өзгертіп, шартты жаза тағайындаған.

Кассациялық сот А.-ның жасаған қылмысы сыбайлас жемқорлық қылмыс болып табылатынын көрсетті. Заңнама сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін шартты түрде соттауды қолдануға жол бермейді (ҚР ҚК-нің 63-бабының 6-бөлігі). Осыған байланысты облыстық сот қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы сот үкімі қалпына келтірілді. А. тағайындалған жазаны бас бостандығынан айыру түрінде өтейтін болады.