Қоғам

Ауылдың жолы әдейі бұзылды

Астанадан 15 шақырым жердегі Нұресіл ауылының тұрғындары қалаға Ақмол елдімекені арқылы айналып өтуі қажет. Себебі Нұресіл мен Талапкер ауылының арасындағы жолды мамандар арнайы бұзып, су арнасын жасауға мәжбүр болған.

Инстаграмдағы  aktivniy_talapker  парақшасында жарияланған деректерге қарағанда  жолдың  бұзылған бөлігінде  учаскелік полция қызметкерлері кезекшілік жасауда. Ал  астаналық City Transportaion System  компаниясы Нұресілге баратын №311 автобустың  бағдары өзгергенін хабарлады.

«Құрметті жолаушылар!
Жол жабыны қалпына келтірілгенге дейін, № 311 қала маңы бағдарының қозғалыс сызбасы уақытша өзгерді.
Өзгерген қозғалыс сызбасымен суреттен қарап таныс бола аласыздар.
Сапарларыңызды алдын ала жоспарлауды сұраймыз»,-делінген компанияның  ресми парақшасында. Демек  таңертең Астанаға  жұмысқа кеткен нұресілдіктер кешке басқа жолмен жүруге мәжбүр деген сөз. Әзірге Нұресіл ауылына Қорғалжын тас жолындағы Ақмол елдімекені арқылы жету мүмкіндігі ғана бар.