Экономика

Несие шарты жеңілдейді

Бұйрық жобасы 13 ақпанға дейін қоғамдық талқылауға шығарылды

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі несие шарттарын жеңілдетуге қатысты жаңа тәртіпті бекітпек. Бұйрық жобасы 13 ақпанға дейін қоғамдық талқылауға шығарылды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.

Құжатқа сәйкес, несие шартын өзгертуге өтініш беру және оны қараудың бірыңғай ережесі енгізіледі. Өтініш қаралып жатқан кезеңде қарызды өндіріп алуға уақытша тыйым салынады, ал қосымша айыппұлдар мен өсімпұлдар есептелмейді.

Әлеуметтік осал топтарға және төтенше жағдайдан зардап шеккен азаматтарға негізгі қарыз бен сыйақыны кемінде үш айға комиссиясыз кейінге шегеру мүмкіндігі қарастырылған.

Бірнеше несиесі бар борышкерлер үшін қаржылық омбудсман арқылы қарызды 1 жылдан 5 жылға дейін қайта құрылымдау, сондай-ақ бірнеше несиені бір төлемге біріктіру тетігі ұсынылады.

Ал әскери қызметшілерге қызмет атқару кезеңінде және одан кейінгі 60 күн ішінде пайыз есептелмейді, төлемдер тоқтатылады. Сондай-ақ олардың шоттарындағы шектеулер бес жұмыс күні ішінде алынып тасталуы тиіс.