Ақмола облысында би сабағы кезінде 10 жасар қыз көз жұмды
Ақмола облысы Қосшы қаласындағы қоғамдық мәдени-спорттық кешенде хореография сабағы кезінде 10 жасар қыз көз жұмды.
Оқиға 29 қаңтарда болған. 10 жасар қыздың жағдайы кенет нашарлағандықтан сол жерде болғандар жедел жәрдем шақырған. Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Қосшы қаласында сағат 16:18-де №152 жедел медициналық көмек қызметіне шақырту түскен. Онда қыздың басы аурып, жүрегі айнығаны айтылған. Дәрігерлер жетіп, көрсеткен барлық көмекке қарамастан, баланы аман алып қалу мүмкін болмады.
Ведомство қызда жарақат болмағанын мәлімдеді.
“Өтініш берушінің айтуынша, жарақат болмаған, дене қызуы көтерілмеген, құрысу белгілері байқалмаған. Өмірге тікелей қауіп төндіретін белгілердің болмауына байланысты шақырту шұғылдықтың төртінші санатына жатқызылды. Шақырту 16:34-те қабылданып, мобильді бригадаға берілді. Шығу уақыты – 16:35, оқиға орнына жету – 16:37”, – деп мәлімдеді Денсаулық сақтау басқармасы.
Дегенмен кейін науқастың жағдайы күрт нашарлағасын шақырту екінші шұғылдық санатына ауыстырылып, №4 бригадаға жолданған.
“Анасының айтуынша, бала бронхиалды астмамен ауырған. Бригада келген кезде баланы анасы мен әпкесі қолдарына көтеріп, жедел жәрдем көлігіне алып келген. Осыған байланысты бригада тарапынан дереу реанимациялық іс-шаралар жүргізілді. Тексеру нәтижесінде "жедел жәрдем бригадасы келгенге дейінгі биологиялық өлім" диагнозы қойылды. Өлім себебі белгісіз”, – деп қосты дәрігерлер.
Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кәмелетке толмаған баланың қайтыс болу фактісі Қосшы қалалық полиция бөлімінде тіркелген.
“Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Алдын ала деректер бойынша, сабақ кезінде кәмелетке толмаған баланың денсаулығы нашарлаған. Тексеру нәтижелері бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады”, – деп түсіндірді ведомствода.