Қоғам

Құлсарыдан 30 мыңнан астам адам эвакуацияланды

Құлсары қаласында 2 680 нысанды су басқан

Атырау облысы Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, азаматтық қорғау майоры Жантөре Демешов Құлсары қаласындағы эвакуация жұмыстары жөнінде мәлімет берді. Бұл туралы ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.

Бүгінде Жылыой ауданы Құлсары қаласында 2 680 нысанды су басқан.

– Арнайы комисся құрылады. Қазіргі таңда 231 техника, 1 198 жеке құрам, 18 дана жүзу құралы, 19 су сору құралы жұмылдырылды. ТЖМ арқасында бөгеттерді көтеру жұмыстары, сонымен қатар қаптарға топырақтарды толтырып, төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған жұмыстардың нәтижесінде Құлсары қаласындағы 7-ықшамауданындағы 502 тұрғын үй, 7 әкімшілік ғимарат, 6 білім беру нысандары, 1 жеке емхана су басуына жол берілмеді. Құлсары қаласынан 31 009 адам көшірілген, – деді Жантөре Демешов.

Эвакуацияланған тұрғындар Маңғыстау мен Атырау облысының басқа аймақтарына орналастырылды.

– Маңғыстау облысына 20 821 адам, Теңіз вахташылар қалашығына 7 445 адам, Атырау қаласына және басқа аудандарына 2 743 адам көшірілді. Құлсары қаласында уақытша ашылған орындарға 274 адам орналастырылды. Жылыой ауданында оқиға болғалы 203 тонна гуманитарлық көмек көрсетілді. Жалпы, су тасқыны басталғалы 125 хабарлама түсті. Оның ішінде 179 адам құтқарылды, – деді спикер.