Саясат

Тоқаев Конституцияға қандай да бір өзгерістер тек референдум арқылы енгізілуі тиіс екенін айтты

Волонтерлер форумында сөз сөйлеген мемлекет басшысы Конституцияға қандай да бір өзгерістер тек референдум арқылы енгізілуі тиіс екенін жеткізді.

Президент халықтан келіп түскен ұсыныстарды жүйелеп, жинақтау үшін Конституциялық комиссия құрылғанын еске салды.

"Оның құрамына барлық аймақтың өкілдері мен түрлі санаттағы азаматтар, халық қалаулылары, орталық атқарушы органдардың басшылары, құқықтанушы ғалымдар, тіл мамандары және белсенді жастар кірді. Қоғам өкілдерін қамту ауқымы, кәсібилік мен азаматтық жауапкершілік тұрғысынан алғанда, мұндай комиссия елімізде бұрын-соңды болмаған деп сеніммен айтуға болады. Комиссия жұмысы еліміздің қоғамдық-саяси өміріне тың серпін берді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, комиссия мүшелері конституциялық реформаға қатысты әр мәселені егжей-тегжейлі қарап, жан-жақты талқылап, ауқымды жұмыс атқарып жатыр.

"Осыған дейін комиссияның 5 отырысы өтті. Оның бәрі әлеуметтік желіде тікелей эфирден көрсетіліп, ақпарат құралдары арқылы кеңінен таратылды.

Мен талқылау барысын мұқият қадағалап отырмын. Осы орайда, Ата Заңымызға қатысты көптеген прогрессивті, инновациялық ұсыныс берілді деп сеніммен айта аламын. Түптеп келгенде мұның бәрі еліміздің Ата Заңына негіз болады. Бұл әлемде қалыптасқан қазіргі күрделі кезеңде біртұтас Қазақстан халқына бағыт сілтейтін маңызды құжатқа айналады деп сенемін", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, Конституцияға қандай да бір өзгерістер тек референдум арқылы енгізілуі тиіс.

"Конституция, бұл – кез келген елдің ең басты жол көрсететін құжаты, темірқазығы. Конституцияны бәріміз білуіміз керек, бағалауымыз қажет.

Сондықтан егер болашақта Конституцияға қандай да бір өзгерістер, тіпті, шағын өзгерістер енгізу керек болып жатса, ондай қадамды тек референдум арқылы ғана жасауға болады деген ойдамын. Бұл да халқымыздың азаматтық құқығын күшейтудің маңызды тәсілі деп сенемін.

Тағы бір айта кететін маңызды жайт: Комиссия Конституцияға қатысты ұсыныстың бәрін мұқият саралап шықты. Мұқият ойластырылған түзетулер Конституцияның барлық негізгі бөлімдері мен баптарын, преамбуласын түгел қамтитын болады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.