Қазақстанда емханаға жыл сайынғы еркін тіркелу науқаны тоқтатылуы мүмкін
Оның орнына азаматтарға медициналық ұйымды жыл бойы өз қалауы бойынша таңдауға мүмкіндік беру жоспарлануда.
Қазақстанда емханаға жыл сайын күзде өтетін еркін тіркелу науқанынан бас тарту ұсынылып отыр, деп хабарлайды Oimaqnews.kz порталы TengriHealth-ке сілтеме жасап.
Денсаулық сақтауды дамыту ұлттық ғылыми орталығының Алғашқы медициналық-санитариялық көмек орталығының басшысы Асель Хасенованың сөзінше, қазір тіркелу жыл бойы мүмкін болғанымен, көшу, клиниканың жабылуы секілді нақты себептер қажет. Ал жаңа ережелер қабылданса, азаматтар ешқандай негізсіз-ақ басқа поликлиникаға ауыса алады. Дегенмен бір адам тек бір ғана медициналық ұйымға тіркелуі тиіс.
Сонымен қатар тіркелу қағидалары аумақтық тұрғыда қатаңдайды. Яғни тұрғын қай қалада немесе өңірде тіркеуде тұрса, сол жердегі емхананы таңдауы қажет. Бұл ішкі көші-қон салдарынан бір адамның бірнеше өңірде қатар тіркелу фактілерін болдырмау үшін енгізілмек.
Жаңа өзгерістерде 5 жасқа дейінгі балаларды тіркеу тәртібі де нақты жазылады. Балалар автоматты түрде ата-анасы немесе заңды өкілдері тіркелген емханаға бекітіледі. Бұл учаскелік дәрігердің баланы үйде қарауына мүмкіндік беру үшін қажет.
Бұдан бөлек, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жұмыс істейтін клиникаларға талап күшейтіледі. Болашақта кемінде 10 мың адам тіркелген медициналық ұйымдар ғана Қор арқылы қаржыландырылады. Осылайша шағын клиникаларды ірілендіру көзделіп отыр.
Министрлік өкілі бұл өзгерістер бірден емес, кезең-кезеңімен енгізілетінін атап өтті. Жаңа тәртіптер барлық келісімдерден өткен соң күшіне енеді және дәстүрлі түрде қыркүйекте басталатын еркін тіркелу науқанына дейін қабылдануы мүмкін.