Қазақстан Ресейге бензин бере ме?
Жуырда Reuters агенттігі Ресейдің Қазақстаннан бензин сұрауы мүмкіне кенін жазды. Мәскеу өз елінде дефицит пайда болған жағдайда Қазақстанға қолқа салуы ықтимал екен. Бірден 100 мың тонна бензин сұрауы мүмкін деседі.
Reuters агенттігінің тілшілері бұл мәліметтерді анонимді дерек көздерінен алыпты. Мәлімет берушілер ресейлік мұнай өңдеу зауыттарына жасалып жатқан дрон шабуылдарының салдарынан бензин тапшылығы тууы ықтимал екенін айтқан. Сондықтан Мәскеу бензин тапшылығын тудырмас үшін балама жол іздей бастапты. Агенттікке мәлімет берген анонимді тұлғалардың бірі бұл мәселе бойынша Қазақстан мен Ресей арасында келісім бар екенін айтса, екінші бір дерек көзі әзірге кеңесіліп жатқанын атап өткен. Дегенмен Қазақстан тарапы бұл деректі ресми түрде әзірге жоққа шығарған жоқ. Тек Ресейде мұндай ұсыныс түспегенін мәлімдеді.
Қазақстан Энергетика министрінің кеңесшісі Шыңғыс Ілиясов Orda.kz сайтына берген түсініктемесінде Ресей тарапынан ұсыныс түспегенін айтты. «РФ Энергетика министрлігі тарапынан мұндай ұсыныс түскен жоқ. Сондықтан ақпарат расталмайды»,-деді Шыңғыс Ілиясов.
Алайда әлеуметтік желілерде Қазақстан үкіметінің позициясына сенбеу басым. Facebook белсендісі Қуаныш Еділхановтың жазбасына пікір қалдырушылар ел билігі Мәскеудің дегеніне көнетінін айтып жатыр. Пост авторы «Ресей егер өздерінде бензиннен дефицит бола қалса Қазақстанға 100 мың тонна бензин дайындап қоюды сұрапты (талап етіпті, бұйрық беріпті).
Қазақстан үкіметі бұған не айтады? Егер көмектессе онда ол ел нейтраль емес, сөзсіз Ресейді жақтағаны. Осы жерде көпвекторлылық артын қысқан тәрізді. Топан суға байланысты өздерінде дефицит болып жатқанын айтып құтылмаса?
Украин дрондарының шабуылы арқасында Ресей МӨЗ-дерінде бензин өндірісі 14%-ға қысқарған (наурыз айының аяғына мәлімет). Осы кезге дейін Кремль жағдай тұрақты, запасымыз жеткілікті деп келген болатын»,-деп жазды. Ал пікірлердің барлығы дерлік Қазақстан үкіметі Ресейдің айтқанынан көнеді дегенге саяды.
Әрине, азаматтардың өз пікірі бар екені рас. Алайда ресми Астананың ұстанымын мойындамайтындардың көбі елдегі жағдайдан толық хабардар болмаса керек. Қазақстан қазіргі таңда Ресейге бензин бермек түгілі, жыл сайын олардан импорттап келеді. Energy Monitor қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұлов наурыз айында Aiqyn газетіне берген пікірінде: «Бізде жыл сайын маусым кезінде бензин мен дизель отынының бағасы көтеріледі. Оған Ресейдегі жағдайдың қатысы аз. Жыл сайын Ресейден Аи-98 маркалы бензинінің белгілі бір көлемін аламыз. Одан бөлек, авиакеросин мен дизель отынын сатып аламыз. Былтыр 850 тонна дизель отынын импорттадық, биылғы көлем – 450 мың тонна. Екі ел арасында индикативті баланс бар», – деген еді.
Ал Энергетика министрлігі Aiqyn-ға жолдаған жауабында Қазақстандағы бензин көлемі бір жарым айға жететінін атап өтіпті. «Қазіргі уақытта МӨЗ, мұнай базалары мен жолдардағы дизель отынының жиынтық қорлары 657 мың тоннаны құрайды. Бұл елдің қажеттілігін 2 айға дейін қамтамасыз етеді. Аи-92 маркалы бензиннің жиынтық қорлары 454 мың тоннаны құрайды, бұл елдің қажеттілігін 1,5 айға қамтамасыз етеді»,– деп жазылған жауап хатта. Бұл наурыз айының ортас тұсындағы мәлімет еді. Одан бері елімізде ажғдай біршама өзгерді. Су тасқыны болып жатыр.Мемлекет резервтегі дүние-мүлкін пайдаланып жатыр. Соның ішінде бензин де көп қолданылып жатқаны белгілі. Әрине әзірге нақты есеп-қисап жоқ. Дегенемен төтенше жағдайлар кезінде бензин де көп қолданылатыны анық. Ал жарты ай бұрін біздегі бензин қоры 454 мың тонна болған. Демек дәл осыншама қордың төрттен бірін көршіге ұстата қоюымыз неғайбыл. Мемлекет су тасқынын алға тартын Мәскеудің өтінішін орындаудан бас тартуы мүмкін. Алайда медиаға пікір білдіретіндердің кейде көңілдегі арман-аңсарын өмірдің ақиқатындай етіп айта салатыны болады.
Reuters-тің анонимді дерек көздері де сонадй адамдар болуы мүмкін.