Су тасқыны: Атырауда бөгет салу кезінде адам сүйектері табылған
Алдағы уақытта табылған сүйектер қайта жерленеді
Atpress.kz сайтының жазуынша, Махамбет ауданындағы Жайық өзенінің жағасына бөгет тұрғызу үшін топырақ қазу кезінде адамның бас сүйегінің 12 фрагменті және дене сүйектерінің 26 фрагменті табылған.
Оқиға орнына келген құзыретті органдардың қызметкерлері бұл фактіні ақпаратты есепке алу кітабына тіркеп, тергеуге дейінгі әрекеттерді бастап кетті. Алдағы уақытта табылған сүйектер қайта жерленеді.
Ескі Сарайшық үшін археологиялық қазба кезінде адам сүйегінің табылуы жаңалық емес. Өйткені, ортағасырлық Сарайшықта үлкен қорым бар екені баршамызға белгілі. Археологиялық зерттеу барысында да, тіпті ескі Сарайшық ауылы ішінде түрлі жұмыстар барысында да адам сүйектері жиі кездесіп жатады. Ал, бүгінгідей, елде су тасқынынан қорғау мақсатында жасалып жатқан үлкен жұмыстар кезінде адам сүйектерінің шығуы заңдылық. Әдетте, мұндай хабар жеткен бойда мамандар өз жұмыстарын атқарып, оларды зерделеп, жер қойнына салт –дәстүріміз бойнша тапсырады, - деді «Сарайшық» музей-қорығының директоры Мұхтар Әбілсейіт.