дүйсенбі, 26 қаңтар, 2026 12:40

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Бизнестің айыппұлдары кешіріліп, тексерістері азаяды

Бизнестің айыппұлдары кешіріліп, тексерістері азаяды
Freepick
Қазақстанда микро және шағын бизнеске арналған жаңа жеңілдіктер пакеті енгізілуде. Бұл туралы Oimaqnews.kz Мемлекеттік кірістері комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.

Үкімет кәсіпкерлерге жеңілдіктер беру үшін салық жүктемесін азайтатын «таза парақ» атты бастаманы қолға алды. Бұл шешім 2025 жылдың 17 желтоқсанында қабылданған.

Бұл бастама бойынша шағын және микро кәсіп иелері үшін екі маңызды жеңілдік бар. Біріншісі – бизнесін жапқан кезде немесе қызметін тоқтатқанда қандай ережелермен өтетіні нақты бекітіледі. Екіншісі – 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін жиналған, бірақ 1 сәуірге дейін өтелген қарыздар бойынша өсімпұл мен айыппұлдар кешіріледі. ҚҚС-қа (НДС) уақтылы тіркелмегені үшін салынған айыппұлдар да есептен шығарылады. Бұл құжаттар қазір «Ашық НҚА» порталында талқылауда, ақпан айының басында күшіне енуі мүмкін.

Жеңілдіктер тек қарызды кешірумен шектелмейді. Бірнеше қосымша шара да бар:

1. Камералдық бақылау
2025 жылдың 17 желтоқсанына дейін тапсырылған есептер бойынша камералдық бақылау жүргізілмейді. Яғни салық органдары бұрынғы есептерді қайта қазбамайды. Бірақ шетелдік табыстарға салық салу немесе ҚҚС қайтару сияқты ерекше жағдайлар бұл тізімге кірмейді.

2. Салықтық тексерістер
2026 жылдың 1 қаңтарына дейін өткен кезеңдерге салықтық тексерулер тағайындалмайды. Тек заң бұзушылыққа қатысты қылмыстық істер, қарсы тексерулер, камералдық бақылаудан шыққан бұзушылықтар немесе кәсіпкердің өзі сұраған тексерулер ғана жүргізіледі.

3. Сотқа талап-арыз беру
2026 жылдың басына дейін жасалған мәмілелерді жарамсыз деп тану немесе жасалған тіркеу әрекеттерін жоққа шығару туралы талап-арыздар тоқтатылады. Бірақ құқық қорғау органдары арқылы басталған істер бұл тізімге кірмейді.

4. Әкімшілік айыппұлдар
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚҚС-қа уақытында тіркелмеу немесе есепті уақытында тапсырмау бойынша микро және шағын бизнеске әкімшілік іс қозғалмайды.

Бұл «таза парақ» бастамасының мақсаты – шағын кәсіптің мойнындағы ауыртпалықты азайту, айыппұл мен тексерістерді қысқарту және бизнестің жаңа ережелерге біртіндеп үйренуіне мүмкіндік беру. Яғни мемлекет реформа жүріп жатқан кезеңде кәсіпкерлерді қыспай, бейімделуге уақыт бермек.

Премьер-министр Олжас Бектенов те бұл бағытта қосымша тапсырма берген. Қаржы министрлігі 2026 жылы шағын және микро бизнеске өсімпұл мен айыппұлдарды есептемеу мүмкіндігін де қарастырып жатыр. Бұл да бизнеске тыныс беруге арналған қосымша қадам болмақ.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар