Қоғам

Шымкенттегі көшедегі қақтығыс: тағы үш күдікті ұсталды

Оларды Шымкент қалалық полиция департаментінің қызметкерлері қолға түсірген.

Шымкентте 40 жастағы ер адамның өліміне қатысты қылмыстық іс аясында тағы үш күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Oimaqnews.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Күдіктілер туралы мәліметті қорғау тарапының адвокаты Талғат Есімов мәлімдеген. Оның айтуынша, оларды Шымкент қалалық полиция департаментінің қызметкерлері қолға түсірген.

Адвокаттың нақтылауынша, іздеуде жүрген тұлғалар Түркістан облысының Түлкібас ауданы аумағында болған. Қазіргі уақытта күдіктілермен сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында барлық қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Еске салайық, 20 қаңтар күні Шымкент қаласында Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында жол-көлік оқиғасы болып, ол жаппай төбелеске ұласқан. Қақтығыс салдарынан екі адам ауруханаға жеткізілсе, тағы бір ер адамды оқиға орнынан белгісіз тұлғалар күшпен алып кеткен.

Бұған дейін Шымкент қаласы полиция департаменті кісі өлтіру және бұзақылық фактілері бойынша төрт ер адамды күдікті ретінде анықтап, ұстаған болатын.

Кейінірек жоғалып кеткен ер адамның мәйіті Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы аурухананың автотұрағынан табылды. Қаза тапқан адамның 40 жастағы Василий Колесников екені белгілі болды. Мәйітті медициналық мекеме аумағына әкеліп тастаған сәт бейнебақылау камерасына түсіп, бейнежазба әлеуметтік желілерде жарияланды.