Цифрлық активтер туралы ең қауіпті миф туралы сарапшы айтып берді
Wise Invest Consulting Ltd бас директоры Темірлан Нұрахимов цифрлық активтер туралы кең тараған қате түсініктерді түсіндірді.
Оның айтуынша, қоғамдағы ең қауіпті миф — «криптовалютадан тез әрі оңай табысқа жетуге болады» деген сенім. Ол цифрлық активтердің шын мәнінде не екенін, Қазақстан неге бұл саланы дамытып жатқанын және қарапайым адам өзін қалай қорғай алатынын айтты. Сарапшының пікірінше, басты қауіп технологияда емес, лицензиясыз кеңес беретін адамдарға сене салуда.
– Цифрлық актив деген не және неге Қазақстан бұл бағытты неліктен дамытып жатыр?
– Қарапайым тілмен айтсам, цифрлық актив – бұл цифрлық ортада тіркелген құндылық. Ол ақша болуы мүмкін, қандай да бір құқық, үлес немесе басқа да құны бар ресурс болуы мүмкін. Ең бастысы, ол технология арқылы қорғалады, яғни оны артқа қайтарып, өзгертіп немесе жойып жіберу оңай емес.
Бұрын біз құндылықты қағаз арқылы дәлелдейтінбіз, кейін банк жүйесі арқылы, ал қазір блокчейн деген технология арқылы дәлелдейміз. Күнделікті өмірден мысал келтірсек, қазір ақшаны қолда ұстамаймыз, банк қосымшасындағы цифрларға сенеміз ғой, цифрлық активтер де соның келесі даму кезеңі деуге болады.
Біздің Академияда біз осыны адамдарға өте қарапайым тілмен түсіндіреміз. Цифрлық активті күнделікті өмірде қалай қолдануға болатынын көрсетеміз. Яғни бұл тек трейдинг немесе алып-сату емес, ол – құрал. Сол кезде адамдардың қорқынышы да, түсінбеушілігі де азаяды.
Ал Қазақстанның бұл саланы дамытуы, меніңше, өте прагматикалық шешім. Біз әлемдік резервтік валютаны шығаратын ел емеспіз, бірақ географиялық жағынан маңызды орында тұрмыз. Цифрлық активтер бізге жаңа қаржы жүйесіне ертерек кіріп, өз орнымызды табуға мүмкіндік береді. Бұл – трендке еру емес, болашаққа дайындалу.
– Бұл нарық экономикаға қандай пайда әкелуі мүмкін? Қандай жаңа жұмыс орындары мен мүмкіндіктер пайда болады?
– Көп адам цифрлық активтерді тек криптовалюта сатып алу-сатумен байланыстырады. Ал шын мәнінде, бұл әлдеқайда кең сала.
Менің көзқарасым бойынша, мұнда тұтас жаңа экономикалық бағыт қалыптасып жатыр. Қазірдің өзінде жаңа мамандықтар қажет: цифрлық активтер бойынша аналитиктер, комплаенс мамандары, блокчейнді түсінетін заңгерлер, технология мен қаржыны қатар білетін кеңесшілер.
Өз тәжірибемнен мысал келтірсем, бұл – біздің Академияның нақты тәжірибесі. Оқуға келген адамдар бастапқыда бұл саланы толық түсінбеуі мүмкін. Бірақ оқу аяқталғаннан кейін олар цифрлық активтер нарығының қалай жұмыс істейтінін ұғынады. Ең бастысы, олар әр қадам сайын аналитикке, заңгерге немесе басқа бір делдалға жүгінбей-ақ, өздері саналы әрі дұрыс шешім қабылдай алады. Менің ойымша, нағыз экономикалық пайда деген осы, яғни, адамдарды тәуелді емес, білімді ету.
Кәсіпкерлер үшін де бұл үлкен мүмкіндік. Цифрлық активтер саласында инфрақұрылым құрып, түрлі сервистер жасауға болады. Мұндай бизнес тек Қазақстанмен шектелмей, халықаралық нарыққа да шығуға қабілетті.
– Криптовалютаға қатысты ең кең таралған мифтер мен тәуекелдер қандай? Қарапайым адам одан өзін қалай қорғай алады?
– Ең қауіпті миф – «мұнда тез әрі оңай ақша табуға болады» деген түсінік. Менің ойымша, адамдардың көбісі дәл осы сенімнің кесірінен қателік жібереді.
Бұл саладағы негізгі тәуекел технологияда емес, адамның өз әрекетінде. Кепілдендірілген табысқа сену, лицензиясы жоқ адамдарға ақша беру, заңды жауапкершілігі жоқ жобаларға қатысу – нағыз қауіп осы жерде.
Мен бұл тұста ерекше атап өткім келеді: адамды шынымен қорғайтын ең басты нәрсе лицензия. Уәде, әдемі презентация немесе әлеуметтік желідегі бедел – бұл қорған емес. Менің көзқарасым бойынша, Қазақстанда цифрлық активтер бойынша инвестициялық кеңесті нақты лицензиямен көрсететін компаниялар өте аз. Ал қалғанының бәрі – не сұр аймақ, не тікелей алдау.
Сондықтан қарапайым адам ең алдымен мына сұрақты қоюы керек:
«Бұл қызмет үшін кім заң алдында жауап береді?»
Егер нақты жауап болмаса, бұл – үлкен тәуекел бар деген белгі.
– Салаға мемлекеттік реттеу не үшін қажет? Заңдарды жұмсарту, криптоқорлар мен майнингке рұқсат берудің мақсаты не?
– Мемлекеттік реттеу шектеу қою үшін емес, нарықты жетілген деңгейге шығару үшін қажет. Ережесіз орта әрқашан белгісіздікке алып келеді.
Криптоқорлардың пайда болуы мен заңдардың бейімделуі инвесторларға ашық әрі түсінікті құралдар ұсынуға бағытталған. Ал майнингке рұқсат беру арқылы мемлекет энергия тұтынуын бақылап қана қоймай, инфрақұрылымды және жаңартылатын энергия көздерін дамытуға мүмкіндік алады.
Яғни негізгі мақсат – цифрлық активтерді тәжірибелік деңгейде қалдырмай, қалыпты әрі заңды экономикалық қызметке айналдыру.
– Алдағы 5–10 жылда блокчейн мен цифрлық активтер өмірімізді қалай өзгертеді? Бұл процестерде Қазақстанның орны қандай болуы мүмкін?
– Менің болжамым бойынша, алдағы 5–10 жылда цифрлық активтер бөлек тақырып болудан қалады. Олар интернет немесе мобильді төлемдер сияқты күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналады.
Адамдар технологияның қалай жұмыс істейтінін ойламай-ақ, оны қолданатын болады: ақша аудару, инвестициялау, құқықты растау, цифрлық сервистерге қатысу. Бизнес үшін де жаңа қаржыландыру тәсілдері ашылады.
Менің ойымша, Қазақстан бұл үдерісте аймақтық деңгейдегі сенімді орталыққа айнала алады. АХҚО, ағылшын құқығы және реттеу тәжірибесі бізге осындай мүмкіндік береді. Ең бастысы көлемге емес, сенім мен тұрақтылыққа басымдық беру.
– Әңгімеңізге рахмет!