Сенат қандастарға әлеуметтік қолдау көрсететін құжатты мақұлдады
Астанада өткен Сенаттың жалпы отырысында Қазақстан мен Моңғолия арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы заң қабылданды.
Бұл құжат екі ел азаматтарының еңбек өтілін есепке алу және зейнетақы төлемдерін тағайындау тәртібін нақтылауға бағытталған, деп хабарлайды Oimaqnews.kz.
Сенатор Амангелді Есбайдың айтуынша, келісім еңбек өтілін өзара тану, әскери қызмет пен білім алу уақытын есепке алу тәртібін белгілеуді көздейді. Бұл әлеуметтік құқықтарды қорғауға және екі ел арасындағы әлеуметтік ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.
Сенатор Алтынбек Нухұлы келісімнің Қазақстанға қоныс аударған қандастар үшін айрықша маңызы бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, құжат қандастарға әлеуметтік қолдау көрсетуге нақты тетік ұсынады.
Ішкі істер министрлігінің дерегінше, Моңғолиядан Қазақстанға 6654 адам көшіп келген, олардың 6109-ы қандас ретінде тіркелген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2024 жылы 1800 азаматқа зейнетақы төлемін тағайындағанын хабарлады. Құжат күшіне енген жағдайда, шамамен 400 азаматтың еңбек өтілі қайта қаралауы мүмкін.