Экономика

Зейнетақы жинағын тұрғын үйге пайдалану ережесі өзгерді

Жаңартылған талаптар 2026 жылғы 31 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Қазақстанда зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй мақсаттарына пайдалану ережелері өзгерді. Жаңартылған талаптар 2026 жылғы 31 қаңтардан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Qaz365.kz.

Енгізілген негізгі өзгерістердің бірі – жеке табыс салығының алып тасталуы. Бұдан былай зейнетақы төлемінен салық ұсталмайды, сондай-ақ салықты алдын ала немесе кейін төлеу мүмкіндігі жойылды.

Сонымен қатар зейнетақы қаражатын ипотеканы өтеу тәртібі де нақтыланды. Енді бұл қаражат тек негізгі қарызды жабуға ғана бағытталады. Ипотекалық несие бойынша пайыздық төлемдерді зейнетақы жинағы есебінен өтеуге рұқсат етілмейді.

Тағы бір маңызды өзгеріс – құжаттарды уақтылы тапсыру талабы. Егер зейнетақы қаражатын тұрғын үйге пайдалану үшін қажетті растайтын құжаттар белгіленген мерзімде ұсынылмаса, ақша автоматты түрде БЖЗҚ-дағы жеке шотқа қайта аударылады.

Сондай-ақ қате аударымдарға қатысты тәртіп айқындалды. Егер арнайы шоттан БЖЗҚ-ға қаражат қате жіберілсе, банк үш жұмыс күні ішінде бұл туралы хабарлама жолдайды, ал БЖЗҚ бес жұмыс күні ішінде қаржыны кері қайтарады.

Жаңа ережелер зейнетақы жинағын тұрғын үйге пайдалану үдерісін жеңілдетіп, оны ашық әрі түсінікті етуге бағытталған.