Мануалды терапия: шипа ма, қатер ме?
Мануалды терапия соңғы жылдары тірек-қимыл жүйесі ауруларын емдеуде жиі қолданылатын баламалы әдістердің біріне айналды. Арқа, мойын, бел тұсындағы ауырсынулар, омыртқаның қимыл шектелуі мен бұлшықет кернеуінен зардап шегетін адамдар бұл тәсілді дәрі-дәрмексіз ем ретінде қабылдайды.
Алайда медицина мамандары мануалды терапияның әсері мен қауіпсіздігі әр науқастың жағдайына, нақты диагнозына және оны жүргізетін маманның кәсіби деңгейіне тікелей байланысты екенін алға тартады. Мануалды терапияның негізгі артықшылығы – ағзаға механикалық жолмен әсер ету арқылы ауырсынуды азайтып, қозғалыс функциясын қалпына келтіруінде. Бұл әдіс бұлшықет спазмын босатып, омыртқа мен буындардың физиологиялық қозғалысын жақсартуға ықпал етеді. Невролог дәрігерлер жеңіл және орташа деңгейдегі остеохондроз, бұлшықет-тонустық синдром, ұзақ уақыт бір қалыпта отырудан туындайтын ауырсынулар кезінде мануалды терапия қосымша ем ретінде тиімді болуы мүмкін екенін атап өтеді. Сонымен қатар, қан айналымының жақсаруы мен жүйке қысымының азаюы науқастың жалпы жағдайын жеңілдетеді.
Дегенмен, мануалды терапияны әмбебап әрі қауіпсіз әдіс ретінде қабылдау қате түсінік. Травматолог-ортопед Мақсат Тұрсынұлы бұл тәсілдің диагностикалық тексерусіз қолданылуы ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Маманның айтуынша, мануалды терапия басталмас бұрын науқастың міндетті түрде МРТ немесе КТ тексеруінен өтіп келуі талап етіледі. Осыдан кейін ғана толық қарау жүргізіліп, буындар мен омыртқаның қимыл-қозғалыс мүмкіндігі бағаланады. Мануалды медицинаның бағыттары бұрыннан қалыптасқан. Қазіргі кезде кеңінен қолданылып жүргендерінің қатарында остеопатия мен хиропрактика бар. Әдіс таңдау көбіне маманның тәжірибесі мен жұмыс стиліне байланысты: кейбірі жылдам әрі шалт қозғалыстарды қолданса, енді бірі баяу, жұмсақ тәсілдерді жөн көреді.
Маман қазіргі өмір салтының да бұл мәселеге тікелей әсер ететінін атап өтеді. Қозғалыстың азаюы, ұзақ уақыт бір орында отыру омыртқа ауруларының көбеюіне себеп болып отыр. Омыртқа ауырғанда жұлынға түсетін қысым артып, соның салдарынан ағзадағы қан айналымы әлсірейді. Ал көпшіліктің спортпен шұғылдануға, бассейнге баруға немесе денсаулығына жүйелі түрде көңіл бөлуге уақыты да, дағдысы да жете бермейді.
Мануалды терапия – дәлелді медицинамен қатар қолданылғанда оң нәтиже беруі мүмкін әдіс. Алайда оны негізгі емнің баламасы ретінде қарастыру немесе өз бетінше таңдау денсаулыққа қатер төндіреді. Арқасы жиі ауырып, дертіне шипа іздеген Ләззат Ерболқызы мануалды терапияның көмегіне жүгінгеніне өкінетінін айтады.
Бүгінде халықтың көбі «өзім білемге» салынып, кез келген ем әдісін терең зерттемей, байқаусызда денсаулығына зиян елтіріп алады. Бірақ бүгінгі күн денсаулықты тәжірибеге айналдыратын, назардан тыс қалдыратын нәрсе емес. Медицинаның дәлелденбеген саласы ретінде жұрт білсе де, неге екені белгісіз, білімі жоқ маманға жүгінеді. Дертпен күресем деп дерт арттырғанша, денсаулыққа бейжай қарамай кәсіби маманның көмегіне жүгінген абзал.
Инабат Арманқызы