сәрсенбі, 21 қаңтар, 2026 15:31

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

"Не үшін ұрғанын түсінбедім": Жаркенттегі оқиға туралы әкесі пікір білдірді

"Не үшін ұрғанын түсінбедім": Жаркенттегі оқиға туралы әкесі пікір білдірді
фото: скрин
Бұған дейін желіде 5 жасар баланы жылу батареясына байлап қойып, аяусыз соққыға жыққан ананың видеосы тараған еді.

Жетісу облысы Жаркент қаласында 5 жасар баласын аяусыз соққыға жыққан әйелдің күйеуі оқиға жайлы айтып берді, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Бұған дейін желіде 5 жасар баланы жылу батареясына байлап қойып, аяусыз соққыға жыққан ананың видеосы тараған еді.

Балалардың әкесінің айтуынша, видеоны отбасымен бірге тұратын танысы түсірген. Анасы үлкен ұлын кіші дәретке жіберіп қойғаны үшін тепкілеп, баланы аяусыз жазалаған.

«Үйде сыныптас қыз бар, видеоны сол түсірген. Мен дүкеннен келгеннен кейін маған оңаша видеоны көрсетті. Мен видеоны көрдім, бірақ әйелімнен “неге ұрдың?” деп сұрамадым. Сосын видеоны жан-жаққа жібере бастадым», – дейді балалардың әкесі Таир Курваншанов.

Таир Курваншанов пен әйелі Марияның ортақ екі баласы бар. Әйелдің психологиялық диагнозы бар екен.

Ер адамның айтуынша, мұндай жағдай бұған дейін бірнеше рет қайталанған.

«Жақында басталды, екі-үш ай болды. Бұған дейін бәрі жақсы еді, балаларды ұрмайтын. Кейде анда-санда беттерінен шапалақ ұрып қояды, балағаттайды. Кейде балалардың қолына не болғанын сұрасам, бір-бірімен төбелесті дейді. Біреуінің беті көгеріп қалса да, тағы да бір-бірімен соғысып қалды деп жауап беретін. Мән бермейтінмін, жұмыста жүретінмін. Бірақ екі баланың бір-бірінің бетін көгертіп алуы мүмкін емес қой. Әйелім психологиялық есепте тұр, үшінші топ мүгедегі», – дейді балалардың әкесі.

Ер адам келіншегінің соңғы екі айда мінезі күрт өзгеріп, көзіне шөп салған соң, 15 күн бұрын ажырасуға өтініш бергенін айтады.

«Заңды некедеміз. 10–15 күн бұрын ажырасуға өтініш тапсырдым. Ана құқығынан айырылсын, екі бала менде қалсын. Мен олардың әкесімін», – дейді ол.

Видео желіге тараған соң, полиция тексеріс жүргізіп, 28 жастағы әйелдің балаға дене жарақатын салғанын анықтаған. Осыған байланысты қылмыстық іс қозғалып, әйел полиция бөлімшесіне жеткізілген.
Баласына қатігездік танытқан әйел 28 жаста, күйеуі 30 жаста. Екеуі де Жаркент қаласындағы №4 арнайы мектеп-интернатында тәрбиеленген. Әйел ата-анасынан ерте айырылған, ал күйеуі ата-ана қамқорлығынсыз қалған.

«Ерлі-зайыптыда жеңіл ақыл-ой кемістігі, жеңіл зерде бұзылысы диагнозы бар. Психоневрологиялық диспансерлік есепте тұрады. 18 қаңтар күні түнгі сағат 23:30 шамасында бұл отбасы Отбасын қолдау орталығына жеткізілді. Балалар медициналық тексеруден өтті. Анасы полиция бөлімшесінде қалды», – дейді қалалық әкімдік өкілдері.

Балалардың бірі – 4 жаста, екіншісі – 2 жаста.

Қазір олар Жаркент қаласындағы Отбасын қолдау орталығына орналастырылған.

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар