сәрсенбі, 21 қаңтар, 2026 15:28

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Уақыт талабы мен ұлт мұраты құрылтайда үндесті

Уақыт талабы мен ұлт мұраты құрылтайда үндесті
Фото: Oimaqnews.kz
Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы – ел дамуының жаңа кезеңіне бастар тағдырлы сәттердің бірі болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қайта жаңғырған бұл жалпыұлттық диалог алаңы қысқа уақыт ішінде ел тағдырын айқындайтын стратегиялық шешімдер қабылданатын, қоғам мен мемлекеттің шынайы сұхбаты орныққан маңызды институтқа айналды.

Елдік мәні бар мәселелердің дәл Сыр бойында талқылануы – шаһарымыздың тарихтағы, руханияттағы және қазіргі әлеуметтік-экономикалық дамуындағы ерекше орнына берілген жоғары баға. Бұл – өңірге көрсетілген сенім ғана емес, ел болашағын бірге айқындауға шақырған жауапкершілік.

Мемлекет басшысының 2025 жылғы 30 қазандағы жұмыс сапары Қызылорданың дамуы сөз жүзінде емес, нақты істермен дәлелденіп келе жатқанын көрсетті: инфрақұрылым жаңарып, білім мен мәдениетке серпін беріліп, адами капиталды дамытуға бағытталған жүйелі саясат берік жолға қойылды.

Ұлттық құрылтайдың отырысында көтерілген институционалдық реформаларды елдің саяси мәдениетін жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған маңызды әрі уақыт талабына сай қадамдар деп бағалаймыз. Жаңа Парламенттің өкілеттіктерін нақтылау, Президент Әкімшілігін жаңғырту, аппараттық құрылымдарды оңтайландыру және вице-президент институтын енгізу жөніндегі бастамалар билік тармақтары арасындағы жауапкершілік пен басқару тиімділігін арттыруға негізделген салмақты шешімдер екені анық. Бұл бастамалар «күшті институттар – жауапты мемлекет» қағидатының нақты іс жүзіндегі көрінісі болып табылады.

Сондай-ақ Құрылтайда көтерілген цифрландыру мен жасанды интеллект мәселелері білім беру жүйесіне тікелей қатысты. Қазіргі университет тек білім таратушы емес, технологиялық өзгерістердің қозғаушы күші болуы қажет. Осы тұрғыда Мемлекет басшысының цифрлық трансформацияға белсенді қатысу туралы ұстанымы жоғары білім беру саласының даму бағытымен толық үндеседі.

Қоғамдық келісімді нығайту мақсатында Қазақстанның Халық Кеңесін құру бастамасы да – азаматтық қоғамның рөлін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Кең өкілділікке негізделген бұл алаң халықтың әртүрлі топтарының пікірін ескеруге мүмкіндік береді деп сенемін.

Ұлттық құрылтай ел дамуының жаңа сапалық кезеңіне жол ашқан, саяси реформалар, адами капитал және орнықты даму мәселелері тоғысқан маңызды ұлттық алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Мұндай форматтағы ашық диалог қоғамның мемлекетке деген сенімін арттырып, болашаққа бағытталған ортақ жауапкершілікті күшейтеді.

 

Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызы

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар