Қоғам

Қасым-Жомарт Тоқаев: Еліміздің кез-келген басшысы билікке сайлау арқылы, яғни, заңды түрде келуі керек

Бұл туралы бүгін Ұлттық құрылтайда айтылды.

Бүгін Қызылордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтіп жатыр. Отырыста сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Конституция туралы сөз қозғап, ел Президенті мерзімінен бұрын қызметтен кетсе, екі айдың ішінде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді деген норманың негізгі заңда нақты белгіленуі қажет екенін айтты.

«Кәсіби заңгерлер Ата заңның мәтініне қатысты пікірлерін білдірді. Олар Конституциямыздың кейбір тұстарын нақтылай түсу қажеттігіне назар аударды.  Атап айтқанда, Мемлекет басшысын сайлау мәселесі бойынша маңызды ұсыныс бар.

Қазіргі Ата заңға сәйкес Президент өз міндетін атқара алмайтындай оқыс жағдай туындаса, оның өкілеттігі қалған мерзімге Сенат төрағасына беріледі.

Сенат төрағасының мемлекетті басқаруға мүмкіндігі болмаса, Президент өкілеттігі белгіленген тәртіпке сәйкес тиісті лауазым иелеріне өтеді.

Бұл ретте, мәселенің бәрі «қалған мерзімге» деген сөзге келіп тіреледі, осы мәселені ерекше атап өткен жөн. Басқаша айтсақ, «қалған мерзім» 6 айға да, 6 жылға да созылуы мүмкін.

Сондықтан, Мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметтен кетсе, екі айдың ішінде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді деген норма негізгі заңда нақты белгіленуі қажет.

Бұл қадам халықаралық озық тәжірибеге сай келеді. Еліміздің кез келген басшысы билікке сайлау арқылы, яғни, заңды түрде келуі керек. Бұл – мен үшін мызғымас ұстаным.

Осы норма кейінгі мемлекет басшылары үшін де еш өзгермейтін қағида болуға тиіс!», - деді Президент.

Мемлекет басшысы Конституция мәтінінде қателер бар екенін, осы олқылықты түзету үшін заңгерлермен қатар, білікті тіл мамандары шақырылатынын жеткізді.

«Сонымен қатар Конституциямыздың мәтінінде жекелеген қателер бары анықталды. Кезінде терминологиялық, стильдік кемшіліктерге жол берілген. Конституциялық реформа аясында осы олқылықты да түзеуіміз керек.

Бұл жұмысқа заңгерлермен қатар, білікті тіл мамандары шақырылады.

Тағы бір маңызды мәселе. біз Ата заңның преамбуласын ұлттық құндылықтарымызды айшықтап, қанша заман өтсе де, өзекті болып қала беретіндей етіп қайта жазуымыз керек.

Онда қазақ жеріндегі өркениет пен мемлекеттіліктің тарихы терең екені нақты көрініс табуға тиіс. Сол арқылы біз Қазақстанның Ұлы даладағы ұлы мемлекеттердің мұрагері екенін паш етуіміз керек.

Бұдан бөлек, Конституциямызға «Біз бәріміз Әділетті Қазақстанды ең жоғары мақсат ретінде көздейміз және оған жетеміз» деген қағидатты енгізуіміз керек», - деді Президент.