«36 жасымда өмірім тоқтауы мүмкін» – актер Рамазан Амантай
Актер әрі ақын Рамазан Амантай денсаулығына алаңдап, өмір салтын түбегейлі өзгертуге шешім қабылдағанын мәлім етті.
Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды деп хабарлайды Oimaqnews.kz.
Өнер иесі толық медициналық тексеруден өткеннен кейін дәрігерлер инфаркт немесе инсульт қаупін ескерткен.
«Егер дәл осы сәттен бастап өмірімді қолға алмасам, 36 жасымда өмірім тоқтауы мүмкін. Шегінерге жол жоқ…», – деді ол.
Дәрігерлердің айтуынша, денедегі артық май ішкі ағзаларға қатты қысым түсіріп, өміріне қауіп төндіріп отыр.
Қазіргі салмағы – 161 кг, бұл нормадан шамамен +70 кг артық.
Жаттықтырушының айтуынша, жағдайы «өте алаңдатарлық», сондықтан актердің арықтау процесі медициналық бақылауда өтеді.
Рамазан Амантай денсаулықты Алланың аманаты екенін атап өтіп, жұртты да өз денсаулығына немқұрайлы қарамауға шақырды:
«Салмақ жинау — оңай. Ал тастау — өте қиын. Бірақ міндетті түрде күресу керек», — деді ол.
Бұл жаңалық желіде үлкен қолдау тауып, оқырмандар өнер иесіне сәттілік тілеп жатыр.