Еңбек нарығына 900-ден аса жаңа кәсіп енгізілді
Қазақстанда Ұлттық біліктілік жүйесін жаңарту қарқын алды: 2025 жылы Ұлттық кәсіптер классификаторы 900-ден астам жаңа мамандықпен толықты.
Министрлік енді біліктіліктерді Еуропалық үлгіге сәйкестендіріп, кәсіби стандарттарды жасанды интеллект арқылы қалыптастыруға кірісті, деп хабарлады Oimaqnews.kz.
Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры Жұлдыз Абулғазинаның айтуынша, 2025 жылы Ұлттық кәсіптер классификаторы (ҰКК) елеулі жаңартудан өткен. Онда 900-ден астам жаңа кәсіп енгізіліп, жалпы позициялар саны 13 мыңнан асты.
Жаңа кәсіптер қатарында цифрлық агроном, робототехник-мал өсіруші, жасанды интеллект инженері, 5G/6G желілерінің инженер-архитекторы, «ақылды» қалалар инфрақұрылымын басқару инженері сияқты мамандықтар бар.
Абулғазина ҰКК еңбек нарығын талдау мен кадр сұранысын болжаудың негізгі құралына айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, 2026 жылы да классификаторды жаңарту жұмыстары жалғасады.
Сонымен бірге ведомство Еуропалық модельге негізделген Ұлттық біліктілік шеңберін жаңартып, еңбек нарығына сәйкес кәсіби стандарттарды әзірлеуге кіріскен. Бұл процестерде жасанды интеллект маңызды рөл атқаратын болады – дағдыларды анықтау, стандарттарды автоматты құрастыру және сапаны бақылау ІА технологиялары арқылы жүзеге аспақ.
ҰБЖ-нің цифрлық экожүйесінің өзегі ретінде Career Enbek платформасы аталды. Мұнда кәсіби стандарттарды әзірлеу, жаңарту, біліктіліктерді тану рәсімдері толық цифрланған. Бұл уақытты қысқартып, ашықтықты арттырып, әкімшілік жүктемені азайтады.
Кеңесте сондай-ақ «Кәсіптік біліктілік туралы» заңына өзгерістер енгізу жоспарлары жарияланды. Олардың ішінде:
• дағдылардың цифрлық банкін ресми құрал ретінде бекіту;
• кәсіптік одақтарды ҰБЖ қатысушылары қатарына қосу;
• шетелдік аккредиттелген орталықтарды тану;
• біліктілікті тану орталықтарын аккредиттеуді толық цифрландыру және тәртіптерін қайта қарау.
Жиында ведомствоның 2025 жылға арналған жұмыс бағыттары және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері де қаралды.