Әлем

Дональд Трамп «Әлем кеңесі» жарғысына 22 қаңтарда қол қояды

Bloomberg агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап хабарлағандай, Газа секторындағы ахуалды реттеу үшін құрылған органның өкілеттігі мен жарғысының түпкілікті нұсқасы Дүниежүзілік экономикалық форум аясында бекітілмек.

Дереккөздердің мәліметінше, Дональд Трамп шақырылған мемлекеттерге құжатқа бейсенбі күні-ақ қол қойдыртқысы келеді. Бұл бастаманы ресми түрде іске қосуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Қазақпарат хабарлады.

Жарғының жобасына сәйкес, АҚШ президенті «Әлем кеңесінің» алғашқы төрағасы атанып, жаңа қатысушыларды шақыру жөніндегі шешімді жеке өзі қабылдау құқығын сақтап қалады.

Ұйымның тұрақты мүшесі мәртебесін алу үшін АҚШ әкімшілігі мемлекеттерден алғашқы жыл ішінде кемінде 1 миллиард доллар көлемінде жарна аударуды талап етіп отыр.

Бұған дейін Дональд Трамп Газа секторын қалпына келтіруді үйлестірумен айналысатын «Әлем кеңесінің» құрылатынын жариялаған болатын. Бұл мәлімдеме АҚШ-тың Таяу Шығыс жөніндегі арнайы өкілі Стив Уиткоффтың өңірде атысты тоқтату режимінің екінші кезеңі басталғаны туралы хабарынан кейін жасалды.