Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтарға несие бермеуді көздейтін қаулы жобасын дайындады. Тиісті құжат «Ашық НҚА» порталында 19 қаңтарда жарияланды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.
Қаулы жобасына сәйкес, агенттік басқармасы мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілер, олардың қызметтен босатылуы, банктік қарыз немесе микрокредитінің бар-жоғы, сондай-ақ қарыз бойынша төлемді кейінге қалдыру туралы мәліметтер алмасу қағидаларын бекітуді ұсынады.
Аталған жоба Мемлекет басшысы өткен аптада қол қойған банктер және банк қызметі туралы жаңа заңды іске асыру аясында әзірленген.
Құжатта Қорғаныс министрлігі мен кредиттік бюролар арасында мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтар туралы ақпарат алмасу тәртібі белгіленетіні көрсетілген. Бұл деректер әскери қызметшілерге қарыз бойынша төлемді кейінге қалдыруға мүмкіндік беру және жеке тұлғаның кредиттік есебінде оның мерзімді әскери қызмет өткергені немесе қызметтен босатылғаны жөніндегі мәліметтерді көрсету үшін қажет.
Сонымен қатар, жобаға сәйкес банктер мен микроқаржы ұйымдары несие алуға өтініш берген әскерге шақыру жасындағы азаматтың мәртебесін кредиттік есеп арқылы тексеруге міндеттеледі. Егер өтініш берушінің мерзімді әскери қызмет өткеріп жатқаны анықталса, несие беруден бас тарту көзделген.
Қаулы жобасы 3 ақпанға дейін қоғамдық талқылауда болады.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





