Ұлттық арналар XXV қысқы Олимпиада ойындарын тікелей эфирде көрсетеді
6-22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-д-Ампеццо қалаларында XXV қысқы Олимпиада ойындары өтеді.
Төртжылдықтың басты додасы Qazaqstan, Qazsport, «Хабар» және Jibek Joly республикалық арналарынан тікелей эфирде көрсетіледі, – деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Ақ ойындарда 8 спорт түрінен 116 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Бүгінде Қазақстан үш спорт түрі – шорт-трек, конькимен жүгіру және мәнерлеп сырғанаудан олимпиадалық квоталардың иегері атанды.
Қысқы Олимпиадалар тарихында тұңғыш рет жарыстарды ресми түрде қос қала қабылдайды. Италия төрінде 100-ге жуық елдің 3 000 спортшысы өнер көрсетеді деп жоспарланып отыр.
Олимпиада кезінде түсірілім топтары дүбірлі додадан эксклюзивті хабар таратады. Сонымен қатар Qazaqstan мен Qazsport арналарынан күн сайын «Олимпиада күнделігі», Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде «Милан – Кортина 2026» студиялық бағдарламасы көрерменге жол тартады.