Қоғам

Маңғыстауда 50 жолаушысы бар автобус аударылды, қаза тапқандар бар

Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші көлікті басқара алмай қалған, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Көлік министрлігі жолда ешқандай ақау болмағанын мәлімдейді.

Маңғыстау облысында ішінде 50 жолаушысы бар автобус аударылды. Оқиға орнында төрт адам көз жұмды, тағы үшеуі жарақат алды, деп хабарлады Көлік министрлігі.

Қайғылы жол апаты 16 қаңтар күні сағат 01:03-те Доссор – Құлсары – Бейнеу – Сайотес – Шетпе – Жетібай – Ақтау жолының 383-шақырымында болған. Yutong маркалы автобус «Caspian Trans Corporation» ЖШС-іне тіркелген, техникалық тексерістен 2025 жылдың 19 желтоқсанында өткен.

Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші Ақтаудан Бейнеуге қарай келе жатқан кезде рөлді басқара алмай қалған. Соның салдарынан автобус аударылып қалған. Оқиға орнында төрт жолаушы көз жұмды, тағы үш адам әртүрлі жарақат алып, медициналық мекемелерге жеткізілді.

Рөлде 1985 жылы туған жүргізуші болған. Жол-көлік оқиғасына дейін шамамен 200 км жерде екінші жүргізуші ауысқан.

Жол апатының мән-жайын өңірлік полиция департаментінің қызметкерлері анықтап жатыр.