Қоғам

Техникалық құрылғылар нарығы іс жүзінде реттелмеген және бақылаусыз қалыптасқан – Әбутәліп Мүтәлі

Жасырын бақылауға арналған құрылғыларды сатуды сертификаттау және лицензиялауды міндеттеу керек.

Мәжлісі депутаты Әбүтәліп Мүтәлі Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиевке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz 

Ол техникалық құрылғылардың лицензиясыз сатылуы мен шетелдік серверлер арқылы деректердің өңделуін азаматтардың жеке өміріне қауіп деп атады.

Осы құрылғылар арқылы ел азаматтарын заңсыз бақылауға алу мүмкіндігі бар. Бұл азаматтардың жеке өмірі мен отбасылық құпиясын қорғау құқығына қауіп төндіріп қана қоймай, жеке деректерді заңсыз жинау, бопсалау, қысым көрсету және корпоративтік тыңшылық сияқты тәуекелдерді арттырады.

Қазір банктік карта және интернетке қолжетімділігі бар кез келген адам ақпаратты жасырын алу үшін техникалық құралды сатып ала алады. ҚР Қылмыстық кодексінің 399-бабы мұндай құрылғыны өндіруге, сатып алуға, сатуға және пайдалануға тыйым салғанымен, олардың жаппай айналымы кешенді құқықтық реттеуден тыс қалып отыр.

Депутаттың айтуынша, Қытай автомобильдері, шетелдік серверлер мен пайдаланушы аккаунттары арқылы жұмыс істейді. Бұл еліміздің азаматтарына қатысты деректердің, соның ішінде қозғалыс маршруттары мен пайдаланушылық ақпараттың, шетелдік юрисдикцияларда өңделуіне әкеледі.

«Ерекше алаңдаушылық тудыратын жайт – сырттан қарағанда заңды, кең таралған әрі сәнге айналған жаңа буын құрылғының ақпаратты жасырын тіркеу мүмкіндігіне ие болуы.

Бұл құрылғылардың қауіпін тек сыртқы белгісіне қарап бағалау қате. Шешуші рөл құрылғының пішіні емес, бағдарламалық қамтамасыз етілуі мен қолданылу тәсілімен анықталады.

Сонымен қатар жаңа буындағы автомобильдер, соның ішінде аса үлкен сұранысқа ие Қытай автомобильдері, шетелдік серверлер мен пайдаланушы аккаунттары арқылы жұмыс істейді. Бұл еліміздің азаматтарына қатысты деректердің, соның ішінде қозғалыс маршруттары мен пайдаланушылық ақпараттың, шетелдік юрисдикцияларда өңделуіне әкеледі. Қарапайым тілмен айтқанда, шетелдік компаниялар біздің азаматтарымыздың барлық қозғалыстары мен басқа да әрекеттерін бақылап, талдай алады.

Мұндай автомобильдердің функцияларының қашықтықтан шектелуі немесе ажыратылуы фактілері бар.

Халықаралық тәжірибеде мұндай электроника «қатаң бақылауға алынған» санатқа жатады. Оған міндетті сертификаттау мен лицензиялау талабы қойылып, азаматтық мақсаттағы құрылғылар мен арнайы техниканың ара-жігі нақты ажыратылады. Бұл тәсіл азаматтардың жеке өміріне жасырын қол сұғылуынан қорғайды және теріс мақсатта пайдаланудың алдын алады». – деді ол.

Әбүтәліп Мүтәлі Үкіметтен жасырын бақылауға арналған құрылғыларды реттеу және жеке деректерді қорғау шараларын күшейтуді сұрады.

«Қалыптасқан ахуал алаңдатпай қоймайды. Өйткені кез келген азамат жасырын бақылауға алынуы мүмкін. Алайда азаматтарды мұндай жағдайда қорғау механизмдері әлі толық жетілмеген.

 Сондықтан, Қазақстан Республикасы Үкіметінен:

Азаматтардың жеке өмірі мен жеке және отбасылық құпияға конституциялық құқығын қорғауды қамтамасыз ету;

Жасырын бақылауға арналған құрылғыларды сатуды сертификаттау және лицензиялауды міндеттеу;

Ішкі істер министрлігі, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Бас прокуратураның қатысуымен құрылғылар айналымын бақылау шарасын белгілеу;

Еліміздің аумағында сатылатын және пайдаланылатын жаңа буындағы автомобильдер бойынша пайдаланушы аккаунттары мен деректерді өңдеу серверлерін Қазақстан Республикасының аумағында орналастыруды және олардың Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселесін қарастыруды;

Осы құрылғылардың айналымын реттеу үшін кешенді құқықтық және бақылау тетігін әзірлеп, шұғыл түрде шара қабылдауды сұраймын», - деді депутат.