"Нұрай ұн алуға дүкенге шыққан": марқұмның туыстары оқиғаның мән-жайын баяндады
- авторОймақ
- Бүгін, 10:58
- 15
Шымкентте пышақталып, қаза тапқан Нұрай Серікбай Түркістан облысы Ордабасы ауданына қарасты Төрткүл ауылында жерленді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz.
Otyrar.kz мәліметінше, Нұрай мектепті үздік бітірген, Алматы қаласында «Сән және дизайн» мамандығы бойынша білім алған, сессиясын жауып, қысқы демалысқа үйіне келген. Күдікті жігітпен ол өткен жылдың жазында танысқан. Көп ұзамай жас жігіт оған тұрмысқа шығуға ұсыныс жасаған. Алайда қыз бас тартқан.
2025 жылдың қазан айында ол қызды өз еркінен тыс алып қашқан. Полицияның көмегімен туыстары қызды жігіттің үйінен алып кеткен. Қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жақындары тиісті арыз да жазған. Кейін қыз жігітті кешірген — ол енді мазаламайтынына уәде берген. Алайда ізін аңдып, қорқытуын қоймаған.
«Ол телефон арқылы қорқытты, подъезд алдында аңдып жүрді. Осыдан кейін ата-анасы қалалық прокуратура мен полиция департаментіне жүгінді. Бірақ прокуратура да, полиция да ешқандай шара қолданбады. Менің ойымша, егер полиция дер кезінде әрекет етіп, психолог тартқанда, бұл қылмыстың да, адам өлімінің де алдын алуға болар еді», — дейді марқұмның туысы.
11 қаңтарда қыз үйінде тәтті тағам пісіру үшін дүкенге ұн алуға шыққан. Үйінің маңында аңдып жүрген күдікті оны ұстап алған. Қыз сөйлесуден бас тартып, кетпек болғанда, ол соңынан қуып жетіп, бірнеше рет пышақ сұққан. Жақындарының айтуынша, ол жеті рет пышақталған, басқа да жарақаттар болған.
«Біздің дәстүріміз бойынша оны жуындырып, лайықты түрде соңғы сапарға шығарып салуымыз керек еді. Бірақ аса ауыр жарақаттардың салдарынан мұны толық орындай алмадық. Бетін көргенде есеңгіреп қалдық. Арқасына жеті рет пышақ сұғылған», — дейді Нұрайдың туысы.
Туыстары бұл қайғы бір ғана отбасының емес, бүкіл қоғамның қайғысы екенін, бұл алдын ала жоспарланған аса ауыр қылмыс екенін атап өтті.
«Мен алтын, ақылды қызымнан айырылдым. Ол толық жазасын алсын. Өлім жазасы берілсін. Тіпті өмір бойына бас бостандығынан айырса да, мен оны аямаймын. Қызымды осындай қатыгездікпен өлтірген адам кешірімге лайық емес», — дейді марқұмның анасы.
Күдіктіні ұстауға полицияға бір жарым тәулік қажет болды. 13 қаңтар күні таңертең полиция департаменті 28 жастағы ер адамның ұсталғанын хабарлады. Ол Шымкенттен шамамен 10 шақырым қашықтықта табылған, қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Іздеу жұмыстарына қалалық полиция департаментінің барлық жеке құрамы жұмылдырылды. Қалаға кіреберіс пен шығаберісте бақылау күшейтіліп, аумақты тексеру жүргізілді. Күдікті қала сыртындағы ашық жерде, шамамен 10 шақырым қашықтықта анықталып, ұсталды», — деп хабарлады полиция.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






