Журналист Дәулет Ізтілеу өмірден өтті
Әріптесіміздің жарқын бейнесі, адами болмысы мен шынайы бейнесі ұжымдастарының, әріптестерінің жадында мәңгі сақталады.
Kazinform тілшісі, ұзаққа созылған сырқаттан кейін Дәулет Амангелдіұлы Ізтілеу өмірден өтті, – деп хабарлайды Oimaqnews.kz kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.
Оны әріптестері білікті, жауапкершілігі жоғары, адамгершілігі мол, өз принциптеріне адал журналист ретінде білетін. Дәулет Ізтілеуов мінезі жайдары, айналасына жанашыр, ақкөңіл жан еді. Ортақ іске бел шешіп кірісетін елгезек әріптес ретінде ортасына сыйлы болды. Қадірлі әріптесіміздің отбасы мен жақындарына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз.
Дәулет Ізтілеуов 1984 жылы 31 шілдеде Қызылорда облысы Қазалы ауданы Абай ауылында дүниеге келген. 2010 жылы Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтын тарих пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдады.
Еңбек жолын (2008-2013 ж.ж.) Астана қаласындағы Өмірлік негізгі мектебінде тарих және құқық пәндерінің мұғалімі болып бастады.
2013-2016 жылдары – Астана қаласындағы қазақ-түрік лицейінде мұғалім болды.
2016-2018 ж.ж. – Астана қаласы Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының аға ғылыми қызметкері болып жұмыс істеді.
2016 жылдан бастап журналистикаға бет бұрып, 2018 жылға дейін «Қазконтент» акционерлік қоғамының «Қазақстан тарихы» порталында тілші болды.
2019-2020 ж.ж. – Астана қаласының «Елорда-Ақпарат» ЖШС-да журналист болып еңбек етті.
25.02.2020-31.05.2020 – ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметінде жұмыс істеді.
2021 жылдың маусым айынан бүгінге дейін Kazinform халықаралық агенттігінің Астанадағы бас кеңсесінде тілші болды.
Әріптесіміздің жарқын бейнесі, адами болмысы мен шынайы бейнесі ұжымдастарының, әріптестерінің жадында мәңгі сақталады.