СҚО-дағы алапат өрттен екі адам қаза тапты
Тағы бір баланы іздеп жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысында 11 қаңтарда кешке алапат өрт болды. Мағжан Жұмабаев ауданы, Майбалық ауылындағы жеке тұрғын үйде тілсіз жау 64 шаршы метр аумақты шарпыған. Өрт шыққан кезде үйде үй иесі, оның жұбайы және кәмелетке толмаған екі баласы болған, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Төтенше жағдай қызметінің хабарлауынша, құтқарушылар оқиға орнына жеткенде үй толықтай өртеніп, қираған. Құтқару және үйінділерді тазалау барысында ер адам мен бір баланың мәйіті табылды. Қазір екінші баланы іздеу жұмыстары жүріп жатыр.
«Құтқарушылар оқиға орнына жеткен кезде үй толықтай отқа оранып, толық қирағаны анықталды. Үй иесінің айтуынша, өрт болған сәтте үйде оның жұбайы және кәмелетке толмаған екі бала болған. Өртті сөндіру және үйінділерді бөлшектеу барысында құтқарушылар ер адам мен бір баланың мәйітін тапты. Екіншісін іздеу жұмыстары жалғасып жатыр», — деп мәлімдеді ТЖМ.
Оқиға орнында департамент басшылығы жұмыс істеп жатыр. ТЖМ психологтары зардап шеккен отбасы мүшелеріне психологиялық көмек көрсетті. Өрттің шығу себебі әзірге анықталған жоқ. ТЖМ-ның 24 қызметкері, 6 техника және «Агрофирма» ЖШС-нің ерікті құрамасы бірлесіп өртті сөндірді.