Руханият

Қазақстан Венеция биенналесіне “Қоңыр: архив үні” жобасымен қатысады

Қазақстан 2026 жылы өтетін 61-ші Венеция биенналесіне жаңа тұжырымдамамен қатысады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұлттық павильонды дайындауға арналған кураторлық ұсыныстар конкурсының нәтижесін жариялап, жеңімпаз ретінде «Қоңыр: архив үні» жобасын таңдады. Павильонның кураторы – суретші және куратор Сырлыбек Бекботаев.

Венеция биенналесі 2026 жылғы 9 мамыр мен 22 қараша аралығында өтеді. Осы кезеңде Қазақстанның ұлттық павильоны халықаралық көрме бағдарламасы аясында ұсынылып, отандық заманауи өнер әлемдік аудиторияға көрсетілмек.

Ұлттық павильонға арналған ашық конкурс 2025 жылдың қарашасында жарияланып, бір ай бойы өтінімдер қабылданды. Іріктеу екі кезеңнен тұрды: алғашқы кезеңде ұсынылған материалдар сарапшылар тарапынан пәнаралық бағалаудан өтіп, үш финалист анықталды. Екінші кезеңде финалға өткен үміткерлермен онлайн-сұхбат жүргізіліп, қорытынды дауыс беру арқылы жеңімпаз белгіленді.

Жобалар бірнеше критерий бойынша бағаланған: тұжырымдамалық тұтастық (25 балға дейін), менеджмент пен іске асыру мүмкіндігі (20 балға дейін), тәжірибе, этика және орнығу (20 балға дейін). Әр бағыт 1–5 балл шкаласымен есептеліп, ең жоғары рейтинг жинаған жоба жеңімпаз болды.

Іріктеу комиссиясының құрамына заманауи өнер, өнертану, тәуелсіз театр, музыка, академиялық орта және мемлекеттік музей саласындағы жергілікті және халықаралық мамандар енді. Мұндай пәнаралық тәсіл ұсынылған идеяларды жан-жақты бағалауға мүмкіндік берді.

Конкурстың басты мақсаты – 2026 жылғы Биенналеде ұсынылатын «In Minor Keys» тақырыбына сай, көркемдік және концептуалдық тұрғыдан үйлесімді, қазіргі Қазақстан өнерін халықаралық деңгейде таныстыра алатын жобаны таңдау болды. Байқауға Қазақстан азаматтары мен кураторлық топтар қатысып, елде тұратын және жұмыс істейтін мамандарға басымдық берілді.

Куратор ретінде таңдалған Сырлыбек Бекботаев – Астанада тұратын суретші және куратор. Оның шығармашылық бағыты көшпенділер мұрасы, тарихи архивтер және мәдени жады тақырыптарымен байланысты. Бекботаев 2025 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің «Мәдениеттану» мамандығын тәмамдап, соңғы жылдары заманауи өнер жобалары мен халықаралық көрмелерге белсенді қатысып келеді.

Қазақстанның Венеция биенналесіне жүйелі түрде қатысуы елдің заманауи өнерін жаһандық мәдени картаға шығарып қана қоймай, жаңа буын кураторларды, суретшілерді және мәдени институцияларды халықаралық деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.