Францияда қуатты дауыл жүздеген мың үйді жарықсыз қалдырды
Францияның батысында соққан «Горетти» дауылы электр желілеріне үлкен зақым келтіріп, жүздеген мың абонент жарықсыз қалды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz жергілікті BFMTV арнасына сілтеме жасап.
Қаңтардың 8-9 аралығында елдегі шамамен 380 мың тұтынушы электр қуатынсыз қалған. Ең көп зақым Нормандия өңірінде тіркелген.
Электр желілерін басқаратын Enedis компаниясының мәліметінше, жұма таңына қараған түні жарықсыз қалған үйлердің үштен екісінен көбі қайта қосылған. Соған қарамастан, Манш, Кальвадос, Приморская Сена, Эр және Орн департаменттерінде шамамен 92 мың үй әлі де жарықсыз отыр. Авариялық қызметтер қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыруда.
Дауылға аса күшті жел қосылды. Манш департаментінде жел екпіні 213 км/сағ жылдамдыққа жеткені тіркелді. Қауіпті жағдайға байланысты метеоқызмет қызыл деңгейдегі ауа райы ескертуін жариялады, тағы жиырмаға жуық департаментте – қызғылт сары режим енгізілді.
Табиғат апаты энергетика секторының ірі нысандарына да әсер етті. Franceinfo хабарлауынша, қолайсыз ауа райына байланысты 8 қаңтар түнінен бастап EDF компаниясы Фламанвиль АЭС-індегі реакторлардың жұмысын уақытша тоқтатты.
Франция Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, дауыл салдарынан алты адам жеңіл жарақат алды. Билік өкілдері толық қалпына келтіру жұмыстарына бірнеше күн кетуі мүмкін екенін ескертті. Бұған дейін қолайсыз ауа райы Бельгия мен Францияның шекаралас аймақтарында да тіркелген.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Бразилияда қуатты торнадо бір қаланы түгелге жуық қиратып, ғимараттардың 60%-ын зақымдаған. Оқиға салдарынан бес адам қаза тауып, 130-дан астам адам жараланған.