Қоғам

Атырау әйелдері кеудесін тексеру кезінде бейнебақылау орнатылғанына наразы болды

Атырауда маммография кабинетіндегі камера әйелдердің наразылығын тудырды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz.

Атырау облыстық онкодиспансерде маммографиядан өткен әйелдер кабинетке бейнебақылау камерасы орнатылғанын біліп, өздерін жайсыз сезінгенін айтып шағымданды. Олардың айтуынша, камера туралы алдын ала ескерту жасалмаған және бейнежазбаға кім қол жеткізе алатыны түсіндірілмеген.

Медициналық мекеме бұл жүйенің қауіпсіздік мақсатында орнатылғанын мәлімдеді. Онкодиспансердің ресми түсіндіруінше, камера жабық контурда жұмыс істейді, деректерге қолжетімділік тек директорға беріледі, ал медициналық қызметкерлер пациентті көре алмайды.

Сондай-ақ диспансер бейнематериалдар заңда белгіленген мерзімнен кейін автоматты түрде жойылатынын және медициналық құпияның сақталатынын атап өтті.

Алайда пациенттер интимді тексеріс өтетін кабинетте камера болуының қажеттілігі мен оған жеке келісімнің талап етілуі туралы сұрақтарды ашық қалдырды.