Қоғам

Жоғалған отбасы: полиция "хакерді" іздестіріп жатыр

«Хакерге» қатысты өңірлік полицияның баспасөз қызметі өз нұсқасын айтты.

Желіде белгілі бір хакердің Атырау облысындағы отбасының жоғалу ісін ашуға "көмектескені” туралы ақпарат пайда болды. «Хакерге» қатысты өңірлік полицияның баспасөз қызметі өз нұсқасын айтты, деп хабарлайды Oimaqnews.kz BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.

Полицияның баспасөз қызметі мәлім еткендей, желіде таралып жатқан белгілі бір «хакердің» жоғалған адамдардың орналасқан жерін өз бетінше анықтағаны, SIM-карталарды талдағаны немесе қаржылық қаражат қозғалысын анықтағаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

Шын мәнінде, аталған мәліметтердің барлығы әлеуметтік желілерде қандай да бір жарияланымдар шыққанға дейін ішкі істер органдарының бөлімшелері тарапынан заңды жедел-іздестіру және тергеу шаралары аясында анықталып, кейін ресми бағдарлау ретінде рәсімделген. Аталған тұлға жаңа деректер алмаған және өздігінен техникалық талдау жүргізбеген. Ол таратқан мәліметтер оған дейін жасақталған ресми бағдарлауда көрсетілген ақпаратпен толық сәйкес келеді және бағдарлау қалыптастырылғаннан кейін ғана алынған, - деді Атырау облысының ПД баспасөз қызметі. 

Полиция ұсынған барлық деректер заңнама талаптарын қатаң сақтай отырып, бейінді техникалық мамандардың қатысуымен, байланыс операторларымен және өзге де уәкілетті ұйымдармен өзара іс-қимыл арқылы алынған.

Полиция тарапынан қысым көрсету немесе қорқыту жасалды деген ақпарат та шындыққа жанаспайды. Полиция азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне ғана сүйенуге шақырады және жалған мәліметтерді таратқаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, қылмыстық жауапкершілікке дейін жауапкершілік көзделгенін ескертеді. Сонымен қатар, аталған тұлғаға қатысты бұған дейін алаяқтық фактілері бойынша төрт қылмыстық іс тіркелгенін хабарлаймыз. Қазіргі уақытта аталған істер бойынша тергеу жалғасуда және ол заңда белгіленген тәртіппен іздеуге жарияланған, - деді полиция өкілдері. 

Тергеу әрекеттері жалғасуда.

Еске салсақ, Атырау облысында бір отбасының төрт тұрғыны, яғни ерлі-зайыптылар және олардың ұлы мен қызы іздестіріліп жатқан еді. 25 желтоқсанда Атырау облысының полициясына Атырау қаласының тұрғыны ағасы мен оның отбасының бір айдан астам уақыттан бері хабар-ошарсыз кеткені туралы арызбен жүгінген.

Одан кейін, із-түзсіз жоғалып кеткен отбасының екі адамы - ерлі-зайыптылардың мәйіті табылды.