Үндістаннан келген студенттер жол апатынан қайтыс болды
Алматы облысының полиция қызметкерлері «Алматы-Бішкек» автожолының 86-шақырымында болған жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша қылмыстық іс тіркеді.
Үндістанның Қазақстандағы елшілігінің мәліметінше, апат 6 қаңтарда болған. Автокөлікте Үндістанның бес азаматы - Оңтүстік Қазақстан медициналық университетінің төрт студенті және бір турист болған. Олар Шымкенттен Алматыға қарай бағыт алған.
Алдын ала ақпарат бойынша, Toyota Alphard-тың 33 жастағы жүргізушісі көлік құралын басқара алмай, нәтижесінде көлік аударылды.
«Апат салдарынан жүргізуші алған жарақаттарынан қайтыс болды. Кейін екі жолаушы медициналық мекемеде қайтыс болды, тағы үшеуі түрлі жарақаттармен ауруханаға түсті. Қазіргі уақытта болған оқиғаның мән - жайын анықтауға бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», - деп хабарлады облыс полициясы.