Енді SIM-карта биометриялық сәйкестендіру арқылы сатылады
2026 жылғы 3 қаңтардан бастап Қазақстанда SIM-карта сатып алу кезінде міндетті биометриялық сәйкестендіру енгізілді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz.
Бұл шара интернет-алаяқтықпен күрес және мобильді нөмірлердің нақты иесін анықтау мақсатында қолға алынған.
Цифрлық даму және жасанды интеллект вице-министрі Ростислав Коняшкин жаңа талаптардың мәнін түсіндіріп, тіркелмеген нөмірлер қылмыстық схемаларда жиі пайдаланылатынын айтты. Оның сөзінше, биометрия енгізу арқылы әрбір телефон нөмірінің нақты азаматқа тиесілі екенін анықтау жеңілдейді, бұл құқық қорғау органдары үшін де, қарапайым пайдаланушылар үшін де қауіпсіздікті арттырады.
Жаңа ережеге сәйкес, дүкеннен алынған SIM-карта биометриялық тексеруден өтпейінше жұмыс істемейді. Азамат SIM-картаны телефонға салған соң, тіркеуден өту үшін SMS-хабарлама алады. Сәйкестендіру ұялы байланыс операторларының мобильді қосымшалары арқылы жүргізіледі.
Қазіргі таңда SIM-картаны тікелей оператордың қосымшасы арқылы сатып алу әлдеқайда ыңғайлы. Алайда биометриядан өтуге мүмкіндігі жоқ немесе батырмалы телефон қолданатын азаматтар ресми сату бөлімдеріне жүгіне алады. Сонымен қатар, бір адамға 10 SIM-картадан артық сатып алуға болмайды деген шектеу де өз күшінде қалып отыр. Бұл талап та алаяқтық тәуекелдерін азайтуға бағытталған.
Жаңа жүйе қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр және барлық мобильді операторлардың қызметтері биометриялық сәйкестендіру арқылы көрсетіле бастады.