Зейнетақы жинағын "тіс емдетуге" шығарғандарға қатысты тергеп-тексеру жалғасып жатыр
"Жалпы сомасы 200 млрд теңгеден астам қаражат шығарылған".
Қаржылық мониторинг агенттігі «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-дан азаматтардың жинақтарын заңсыз шығару деректері бойынша стоматологиялық клиникалардың басшылары мен өзге де адамдарға қатысты тергеп-тексеруді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Oimaqnews.kz BAQ.KZ.сайтына сілтеме жасап.
Қылмыстық жолмен алынған табыстарға күдіктілер элиталық жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алып, сондай-ақ жасыру мақсатында үшінші тұлғалардың атына рәсімдеп, жаңа стоматологиялық клиникалар ашқан. Он бір күдікті 2 ай мерзімге қамауға алынды, ал үшеуіне қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Сонымен қатар, жүйелі түрде заңсыз сыйақы алу үшін медициналық мекемелердің дәрігерлері дәрігерлік-консультациялық комиссиялардың (ДКК) жалған қорытындыларын берген, күдіктілерден алынған қаражаттың жалпы сомасы 30 млн теңгені құрады.