"Жұмысшы мамандықтар жылы бір жолғы бастама емес" – Аида Балаева
Вице-премьер биыл ерекше назар жастарға аударылып отырғанын атап өтті.
“ЕХРО” конгресс-орталығында Жұмысшы мамандықтар жылын қорытындылауға арналған салтанатты іс-шара өтіп жатыр, деп хабарлайды Oimaqnews.kz BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтау сөзінде Жұмысшы мамандықтар жылы аяқталып жатқанымен жұмысшы мамандарды қолдау жалғаса беретінін жеткізді.
Ол колледждерді, жоғарғы оқу орындарын, экономиканың нақты секторындағы кәсіптерді, бизнес қоғамдастықты, цифрлық платформалар мен әлеуметтік саланы біріктіретін кәсіптік кадрларды даярлайтын тұтас экожүйе қалыптасқанын айтты. Сондай-ақ Балаева биыл ерекше назар жастарға аударылып отырғанын атап өтті.
Министр 4 мыңға жуық кәсіпорын өткізген ашық есік күндеріне 113 мыңнан астам оқушы мен студент қатысқанын баяндады. Оның сөзінше, жастар тұрақты жұмыспен кәсіби өсуге және еңбекті құрметтеуге жол ашатын жұмысшы мамандықтарды белсенді түрде танып жатыр.