Айбар Жанболат сотта марқұм әйелін қалай өлтіргенін айтып берді
Ол өзіне тағылған айыппен келіспейтінін де айтты.
Ақсу ауданы Баласаз ауылында қайтыс болған 32 жастағы Айзат Жұманованың өліміне қатысты сот отырысында жаңа мән-жайлар белгілі болды. Бұл жолғы сот отырысында Айзат Жұманованың күйеуі Айбар Жанболат жауап берді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Айбар Жанболат әуелі кешірім сұрап, оқыс жағдай екенін айтып, жарын жақсы көргенін айтты.
Ол Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі бойынша тағылған «Адам өміріне қасақана зиян келтіру» деген айыппен келіспейтінін айтты.
Ол жалпы өз жауабында сол кездегі жанжал кезінде 4-5 рет шапалақпен ұрғанын мойындады. Кейін ашуланып Суықсайға кетіп қалған. Келгеннен кейін қайта ұрғанын да мойындады.
Ол қашаның алдында да Айзат Жұманованы ұрғанын айтты.
Айта кетейік, Айбар аяқпен тепкенін болмаса қатты доғал затпен ұрғанын мойындамады. Тек «осы кезде үйге көтеріп келе жатқанда құлатып алдым» деп айтты. Оның сөзінше, Айзатты екі рет «құлатып алған».
Айбар Жанболат марқұм жарының өзін ұрмақ болғанын айтты. Қолымен қорғанған. Оның сөзінше, куәгер Татьянаның естігені сол шапалақтың дауысы екен.