Астанада Дүниежүзі Түркі тілдері күні аясында Түркі Академиясының 15 жылдық мерейтойы атап өтілді
- авторОймақ
- Бүгін, 10:27
- 30
Мерейтойлық жиын барысында Түркі Академиясының соңғы он бес жыл ішінде жариялаған ғылыми еңбектерінің көрмесі ұйымдастырылып, экспозицияда негізгі бірлескен зерттеулер, монографиялар мен ғылыми сериялар ұсынылып, Академияның басты ғылыми бағыттары көрсетілді.
Қатысушылар назарына кітап көрмесімен қатар, Академияның қалыптасу және даму кезеңдерін, халықаралық жобаларын, ғылыми экспедицияларын, археологиялық зерттеулерін, сондай-ақ түркі мемлекеттерімен бірлесе атқарған маңызды іс-шаралары мен бастамаларын қамтыған фотогалерея ұсынылды.
Шараның ашылу салтанатында Түркі Академиясының президенті, академик Шаһин Мұстафаев, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің бұрынғы мүшесі, профессор Әділ Ахметов және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, профессор Жансейіт Түймебаев құттықтау сөз сөйледі.
Меркелік басқосуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттары, Түркі әлемі елдерінің елшілері мен дипломатиялық миссия өкілдері, халықаралық түркі ұйымдарының өкілдері, мемлекеттік органдар мен жетекші университеттердің, кітапханалар мен музейлердің басшылары, көрнекті ғалымдар және БАҚ жетекшілері қатысты.
Түркі Академиясының президенті Шаһин Мустафаев өз сөзінде 2009 жылы Нахчыванда өткен Түркі мемлекеттері саммитінде Қазақстан тарапынан Түркі әлемінде ортақ зерттеулер жүргізетін ұйым құру ұсынылғанын, нәтижесінде 2010 жылы Астанада Түркі Академиясының іргетасы қаланғанын еске салып, мерейтойлық шараның Қазақстанда атап өтілуінің ерекше мәнге ие екендігін атап өтті.

Шаһин Мұстафаев соңғы он бес жыл ішінде Түркі Академиясы түркі кеңістігіндегі бірегей ғылыми мекемеге айналып, ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, ортақ тарихи-мәдени мұраны зерттеу мен түркі мемлекеттерінің интеллектуалды интеграциясын нығайтуға айрықша үлес қосып келе жатқанына назар аударды.
- Академия жанында тарих, археология, этнография, әдебиет, тіл білімі, терминология, өнер және әлеуметтік-экономикалық бағыттар бойынша іргелі жобалар жүзеге асырылуда. Бұл зерттеулердің нәтижесінде жарық көрген ғылыми еңбектер түркі бірлігін нығайтуға және болашақ ұрпаққа бағдар беруге бағытталған нақты қадамдар болып табылады. Моңғолиядағы Номғон, Қазақстандағы Жанкент қалашығы мен Маңғыстау облысындағы археологиялық қазбалар нәтижесі ғылыми қауымдастыққа кеңінен таныстырылды. Өткен жылы Академияның ұйытқы болуымен Ортақ түркі әліпбиі қабылданды, сондай-ақ Мемлекет басшыларының тапсырмасымен «Түркі елдерінің тарихы» академиялық монографиясы дайындалуда, - деді Академия басшысы.
Шаһин Мұстафаев, сондай-ақ Академияның ғылым мен білім саласындағы интеграцияны дамытуға арналған бастамаларына тоқталып, академиялық алмасу бағдарламалары, Түркі университеттері одағы – TURKUNIB және ORHUN жобасы арқылы ортақ ғылыми және интеллектуалды кеңістік қалыптасып жатқанын атап өтті. Ол, сондай-ақ, алдағы уақытта Академияның ғылыми дипломатияны кеңейту мақсатында түркі мемлекеттері арасындағы мәдени және академиялық ынтымақтастықты нығайту жолында белсенді қызмет атқара беретінін жеткізді.
Сөзін қорытындылай келе, Академия басшысы түркі халықтарының ортақ тілдік және мәдени мұрасын сақтау мен насихаттаудың маңыздылығын айтып, барша қатысушыларды Дүниежүзі Түркі тілдері күнімен құттықтады.

Ресми қабылдаудың қорытынды бөлімін түркі елдерінің музыкалық дәстүрлерін паш еткен концерттік бағдарлама толықтырды.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






