"Баспанамды тартып алғалы жатыр": оралдық мұғалім үндеу жасады
Оған жаңа баспана су тасқынынан кейін берілген екен.
Батыс Қазақстан облысында 2024 жылғы су тасқынынан кейін жаңа баспана алған оралдық мұғалім Айгүл Сабыр мен облыс әкімі арасындағы дау ушығып барады. Мұғалім әлеуметтік желіде Президентке, Үкіметке және Парламентке үндеу жасап, жергілікті билік жаңа берілген үйді «заңсыз берілді» деп сот арқылы қайтарып алмақ болып отырғанын айтты, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Айгүл Сабырдың айтуынша, өткен көктемдегі су тасқыны кезінде оның бұрынғы үйі толықтай су астында қалып, бір ай бойы су басқан күйде тұрған. Комиссия тұрғын үйді жарамсыз деп танып, зардап шеккендерге арналған мемлекеттік және демеушілік көмек бойынша оған жаңа үй берілген.
Мұғалімнің сөзінше, оған берілген үй демеушілер есебінен салынған. Атап айтқанда, баспананы Alageum зауыты тұрғызып, кілтті кәсіпорын директоры жеке өзі табыстаған.
Оның айтуынша, облыс әкімі Нариман Төреғалиев сотқа талап арыз түсіріп, қалалық биліктің шешімін жарамсыз деп тануды және үйді мемлекет меншігіне қайтаруды талап етіп отыр. Дегенмен, дәл осындай үйлерді алған өзге отбасыларға қатысты ешқандай талап қойылмаған.
Айгүл Сабыр өз ісінің бұған дейін прокуратурада қаралғанын, бірақ ешқандай заңбұзушылық анықталмағанын атап өтті. Сонымен қатар ол облыс әкімінің өзіне қысым жасап отырғанын айтады.
Әлеуметтік желідегі жазбаларында мұғалім билік өкілдері өзін «үйді заңсыз алған адам» ретінде көрсетуге тырысып жатқанын айтады.
Айгүл Сабыр бұл жағдайды өзіне жасалған қысым деп санайды және Президенттен, Мәжіліс депутаттарынан араша сұрады.