Әлеумет

Астанада үш жасар қыз тіс емдеткен соң көз жұмған

Сот процесі жалғасып жатыр.

Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта «Дент Парк» стоматологиялық клиникасының анестезиологына қатысты іс қарала бастады. Алайда сот отырысы адвокаттың келмеуіне байланысты кейінге шегерілді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.

Тергеу дерегінше, дәрігер Аида Жұмағалиева 2024 жылдың 30 қазанында өз міндетін тиісті деңгейде орындамай, қарсы көрсетілімдерді ескермей, үш жастағы қыз баланы севоран препараты арқылы ұзақ уақыттық жалпы анестезиямен емдеуге жіберген. Соның салдарынан бала көз жұмған.

Марқұмның әкесі Талғат Құмаровтың айтуынша, қызы Зере Есентай небәрі 3 жарым жаста болған. Анасы баласын «Dent Park Ortho» клиникасына (Мұхаммедханов көшесі, 19) тіс емдетуге алып келген. Бастапқыда 10 тісін емдеу жоспарланған, алайда операция кезінде дәрігер емделетін тіс санын көбейту қажеттігін айтқан.

Тергеу мәліметінше, дәрігер нәрестеге арналған наркоз уақытының шегінен асып, медициналық хаттамаларды бұзған. Сараптама тағайындалып, қыздың өліміне нақты не себеп болғаны анықталып жатыр.

Қазіргі уақытта сот процесі жалғасып жатыр. Қыздың ата-анасы кінәлілердің заң алдында жауап беруін талап етіп отыр.