Әлеумет

Жетісу облысында 17 жастағы жігіт іздестіріліп жатыр

Ол 8 қараша күні үйінен шығып кеткен.

Жетісу облысының Көксу ауданында 17 жастағы бозбаланы іздеу шаралары екінші күн қатарынан жалғасып жатыр, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz.сайтына сілтеме жасап.

Полицияның мәліметінше, жасөспірім 8 қараша күні Бесқайнар ауылындағы үйінен шығып кеткен. Сол күннен бері оның қайда екені белгісіз.

Жоғалған күні ол қара түсті, қысқы, былғары аяқ киім, қара түсті, қысқа күртеше және көк түсті қалпағы бар спорттық кофта киген. Өзімен бірге сөмкесі болған.

Қазір кеңейтілген іздестіру шаралары жүргізілуде. Іздеуге 50 полиция қызметкері, 30 мектеп мұғалімі, білім бөлімінің 16 қызметкері және шамамен 22 ерікті жұмылдырылған.

Іздеу жұмыстары бірнеше бағытта қатар жүріп жатыр. Талдықорғанда «Арбат» және «Кольцо» аудандары, сауда үйлері, базарлар, мешіттер мен компьютерлік клубтар тексерілуде. Бесқайнар ауылында елді мекеннің ішкі және шет аймақтары мұқият қаралып, іздеу парақшалары таратылуда.

Сондай-ақ Балпық би ауылында «Балпық би – Алматы» бағытындағы такси бағыттары мен компьютерлік клубтар тексеріліп жатыр. Қосымша такси мен қоғамдық көліктер бақылауға алынған.

Іздеу жұмыстары жалғасуда. Полиция жасөспірім туралы қандай да бір мәліметі бар тұрғындарды 112 немесе жақын маңдағы полиция бөліміне хабарлауға шақырады.