Түркістан туралы түсірілімдер Түркияда көрсетіледі
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, жаңа әкімшілік-іскерлік орталық, туристік аймақтар және киелі орындарды қамтыған бірқатар сюжеттер әзірледі.
Қазақстанныңи Ыстанбұлдағы Бас консулдығының бастамасымен және үйлестіруімен Түркияның жетекші медиа құрылымдарының бірі – "İhlas Yayın Holding" холдингіне қарасты TGRT Belgesel телеарнасының түсірілім тобы Түркістан қаласына арнайы сапар жасады. Іс-сапардың негізгі мақсаты – Қазақстанның туристік әлеуетін кеңінен таныстыру және Түркістанды түркі әлемінің рухани орталығы ретінде халықаралық аудиторияға насихаттау болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сапар барысында телеарна өкілдері Түркістан қаласының мәдени және тарихи нысандарында түсірілімдер жүргізіп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, жаңа әкімшілік-іскерлік орталық, туристік аймақтар және киелі орындарды қамтыған бірқатар сюжеттер әзірледі.
Түсірілім нәтижесінде Түркістанның тарихи және мәдени мұрасын қамтитын 5 деректі репортаж дайындалды. Бағдарламалар TGRT Belgesel телеарнасының прайм-тайм эфирінде қайталана көрсетілуде. Бұл Қазақстанның туристік имиджін Түркиядағы телекөрермендерге таныстыруға және оның рухани астана ретіндегі маңызын айшықтауға мүмкіндік берді.
Түрік БАҚ-тарының қызығушылығы Қазақстанға сапар шегуге ниетті аудиторияның артуына оң әсер ететініне және түрік қоғамында еліміз туралы ақпараттық танымдылықты күшейте түсетіндігі айқын.