Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова білім беру саласындағы өзекті мәселелерге арналған республикалық кеңесте «Мақсатты мектеп» жобасының тоқтатылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.
Жиынға өңірлік және аудандық білім басқармалары мен бөлімдердің басшылары, сондай-ақ аумақтық білім сапасын қамтамасыз ету департаменттерінің өкілдері қатысты.
Министр елімізде балалар үшін қауіпсіз және қолайлы оқу ортасын қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Оның ішінде мектеп инфрақұрылымын жаңғырту, білім мазмұнын жетілдіру және ұстаздардың мәртебесін арттыруға ерекше назар аударылуда.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру сапасын арттыру мен мұғалім беделін көтеруге үлкен мән беріп отыр. «Педагог мәртебесі» туралы заңға енгізіліп жатқан өзгерістер ұстаздардың құқығын қорғауға бағытталған. Әріптестерімізге міндетінен тыс жұмыс жүктеуге жол берілмейді. Мұғалімнің басты міндеті – сапалы білім мен саналы тәрбие беру, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министр «Мақсатты мектеп» жобасы тоқтатылғанын айтып, оның орнына білім беру ұйымдарының сапасын арттыруға бағытталған жаңа тәсілдер енгізілетінін жеткізді. Сондай-ақ кей өңірлерде педагогикалық ұжымдар арасындағы дау-дамай мен мектеп басшылығына кадр тағайындаудағы кідірістерді сынға алды.
Жұлдыз Сүлейменова шалғай ауылдарға білікті кадр тарту мәселесін жергілікті билікпен бірлесіп шешуді тапсырды.
– Қазір Мемлекет басшысының қолдауымен «Келешек мектептері» ұлттық жобасы белсенді жүзеге асып жатыр. Бұл жоба ауыл мен қала арасындағы білім теңсіздігін азайтуға бағытталған. Оның аясында 217 жаңа мектеп салынады. Сонымен қатар ескі мектептерді жаңғырту мен күрделі жөндеу жұмыстары басталды, – деді министр.
Бұдан бөлек, Жұлдыз Сүлейменова білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен мектептердегі психологиялық қызметтің жұмысын күшейту қажеттігін атап өтті.
Кеңес қорытындысында министр өңірлердегі білім басқармаларына білім сапасын арттыру, педагогтердің құқықтарын қорғау, мектептерде қауіпсіздік шараларын күшейту және қоғаммен ашық диалог орнату бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.



