"Оның өкпесіне қабыну түсті": Бағым Мұхитденова жолдасының неден қайтыс болғанын айтты
Әділжан Юсупов – отандық музыка индустриясында өз орнын қалдырған танымал продюсер.
Белгілі әнші әрі продюсер Бағым Мұхитденованың жолдасы Әділжан Юсуповтың неден қайтыс болғаны белгілі болды, – деп хабарлайды Oimaqnews.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Өнер иесі бұл туралы тележүргізуші Тимур Балымбетовке берген сұхбатында айтып берді.
Әділжан Юсупов өкпе қабынуының салдарынан өмірден өтті. Оның денсаулығы коронавируспен ауырғаннан кейін күрт нашарлап, сол сырқаты асқынып кеткен.
Бағым Мұхитденованың айтуынша, жолдасы әрдайым мықты, ауру дегенді білмейтін, ауырып тұрса да мән бермей, жүре беретін адам болған. Продюсер марқұм күйеуінің сырқаты қаншалық ауыр екенін білгендіктен, үнемі қорқынышпен жүрдім дейді.
Әділжан Юсупов коронавируспен ауырғаннан кейін бірнеше жыл бойы қалыпты өмір сүрген. Алайда 2025 жылғы Жаңа жыл қарсаңында ауруы қайта қозып, 2 қаңтар күні ауруханаға түседі. Өнер иесінің жары сол ауыр күндерді тебірене еске алды.
Продюсер күйеуінің қайтыс боларынан бірер күн бұрын іштей бір жамандықты сезгенін жасырмады. Оның сөзінше, жүрегі бір жайсыздықты алдын ала сезгенімен, соған сенгісі келмей, өз-өзін жұбатып жүрген.
Әділжан Юсупов – отандық музыка индустриясында өз орнын қалдырған танымал продюсер. Ол дарынды әнші, продюсер Бағым Мұхитденованың күйеуі. Ерлі-зайыптылар 1997 жылы танысып, 2001 жылы отбасын құрған. Бүгінде бір ұлы бар.
Әділжан Юсупов қазақстандық шоу-бизнестегі түрлі өнер қайраткерлерімен бірге жұмыс істеген.