Руханият

Белгілі жазушы, публицист Мақсат Тәж-Мұрат қайтыс болды

Ол қазақ әдебиеті мен қазақ баспасөзінің дамуына ерекше үлес қосқан түлға еді.

Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы көрнекті жазушы, эссеист, әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мақсат Тәж-Мұраттың дүниеден өтуіне байланысты марқұмның жақындары мен туыстарына, барша оқырман қауымға қайғырып көңіл айтты.

Мақсат Әнесұлы Тәж-Мұрат 1959 жылы қарашада Атырау облысына қарасты Қосшағыл поселкесінде дүниеге келген. 1978-1983 жылдар аралығында ҚазМУ-дің журналистика факультетінде оқыған. 1983-1990 жылдар аралығында «Білім және еңбек» журналында әдеби қызметкер, «Социалистік Қазақстан» газетінде тілші, «Горизонт»-«Өркен» газетінде редактордың орынбасары, «Жалын» журналының жауапты секретары, Қазақстан ЛКЖО ОК жастар бұқаралық ақпарат құралдары секторының меңгерушісі болып істеді.

1990-1999 жылдары ҚазМУ-дің филология факультетінде аспирант, аға оқытушы, доцент болды. 1994 жылы «Ғұмар Қараштың ақындығы» тақырыбында диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды.

2006-2007 жылдары «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, 2007-2009 жылдары «Ана тілі» газетінің бас редакторы. 2009 жылы Астана қаласына ауысып, 2013 жылға дейін «Астана» журналының бас редакторы болып істеді. 

Мақсат Тәж-Мұрат «Шәңгерей: жасампаздық өмірі», «Батыс Алаш Орда: биобиблиографиялық сөздік тәжірибесі», «Ғұмар Қараш: өмірі мен шығармашылығы», «Кәбиса жыл: зерттеу, эссе, әдеби толғамдар», «Қаһармандық анатомиясы. Мәншүктің мәлімсіз майданы», «Димаш. Когда жаждут крика» кітаптарының және мерзімді басылымдар бетінде жарияланған 100-ге тарта мақаланың авторы.

Қазақ әдебиетінің және қазақ баспасөзінің дамуына зор үлес қосқан қаламгердің иманы саламат болғай!