Спорт

Бүгін – үш бірдей Олимпиада чемпионы дүниеге келген күн

Олимпиада чемпиондары Василий Жиров, Бекзат Саттарханов және Дмитрий Баландиннің туған күні.

Бүгін – үш бірдей Олимпиада чемпионы туған күн

 4 сәуір – қазақ спорт тарихындағы Олимпиада чемпиондары Василий Жиров, Бекзат Саттарханов және Дмитрий Баландиннің туған күні.

Бекзат

Болмысы бөлек, дара туған ұлдың ғұмыры тым қысқа болды. Ол 1980 жылдың 4 сәуірінде Түркістан қаласында дүниеге келген. Үйдің кенжесі болған соң ба, кішкентайынан әлжуаз болып өседі. Ата-анасы Бекзатты спорт үйірмесіне беруді жөн санап, күрес үйірмесіне жаздырады. Алайда Бекзат күресті құп көрмей,  1995 жылдан бастап былғары қолғапқа құмартқан.

Бекзаттың бокстағы ғұмыры бар-жоғы бес жылға созылған. Кейбіреулер үшін жылдар бойы бағынбай кеткен Олимпиада биігі Бекзатқа бес жылдың ішінде бұйырғаны да таңғаларлық жағдай.  Айналдырған екі жылдың ішінде ересектер құрамасына өтіп, 1998 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатының күмісін иеленген Саттархановтан Сидней жүлдесін күткендер аз еді. Тіпті, олимп шыңын бағындырады деген ой ешкімнің түсіне кірмеген еді. 

Сидней Олимпиадасында ол әлемнің ең үздік боксшыларын жүлдеден қақты. Атап айтар болсақ, алғашқы айналымда румыниялық Овидиу Бобирнатты 14:5 есебімен жеңді. 

Екінші кездесуде Оңтүстік Африка Республикасының өкілін 16:5 есебімен сүріндірді.

Саттархановтың Сиднейдегі ең басты жекпе-жегі деп Рамазан Палианимен өткен кездесуді айтуға болады. Бүкіл түрік жұртының үміті, Еуропа чемпионы Палианиді 12:11 есебімен ұтқан соң, Бекзаттың мықтылығын мойындайтындар қатары көбейді. 

Жартылай финала марокколық Тамсаманиді 12 ұпай басымдығымен жеңген қазақ батырын финалда басқа емес, 1999 жылғы әлем чемпионы, америкалық Рикардо Хуарес күтіп тұрды.

Әйтсе де, азулы америкалық та Бекзатқа тісін батыра алған жоқ. Сидней Олимпиадасының финалында Саттарханов Хуаресті 22:14 есебімен таза жеңіп, Қазақстанға тарихи алтын жүлдені сыйлады. 

Василий Жиров

1974 жылы туған. Балқаштың тумасы. 1996 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы, Баркер кубогының иесі.

«Барыс» деген лақап атқа ие Балқаштың баласы қашан да бұл туралы: «Мен үшін ең есте қалған бәсеке – Қазақстанда Алекс Гон­са­лес­пен өткен жұдырықтасу, Әлем чемпионы титулын үшінші рет қатарынан қорғап қалуым еді. Оған Мемлекет басшысы келіп, мен өте қуанышты болдым. Бірақ бәрі қас пен көздің арасында өте тез аяқталды» деп еске алады.

Айтқандай, Жировқа «Барыс» деген ла­қап есімді берген де, кейін оны «Бал­қаш­тың барысы» деп әспеттеген де өзіміздің журналистер. 

Әрине боксшы Олимпиада чемпионы, Әлем чемпионы атақ­тарына қол жеткізгенге дейін тағ­дыры да, спорттағы ман­сабы да тақтайдай тегіс болмағаны бар­­шамызға аян". 

Нина Григорьевна – алты баланы бағып-қағып өсірген, әр баласын тұмсығымен сүйреп жүріп жеткізген аяулы ана. 

Василий мұсылман дінін қабылдаған.

"Соңғы күндері мен исламды қабылдауыма байланысты көптеген сұрақтар алдым. Мен неге бәрінің жеке өмір мен басқа адамдардың ішкі әлеміне соншалықты қызығушылық танытатынына таң қаламын? Мен боксшымын, жаттықтырушымын, қоғам қайраткерімін. Жұртшылыққа қажет нәрсе осы. Бірақ менде, басқалар сияқты, жеке, жақын, өзімдікі бар. Мысалы, отбасы, балалар, дін, менің наным – сенімім - бұл менімен бірге қалатын нәрсе, көпшілік алдында талқылау үшін емес. Мен біреудің менің жеке өмірімді немесе ішкі әлемімді талқылағанын қаламаймын", - дейді.

Дмитрий Баландин

Ол – суға жүзу спортынан Қазақстан спорт тарихында тұңғыш алтын алған спортшы.

Дмитрий Баландин 1995 жылы 4 сәуір күні Алматыда дүниеге келген. Бойы 195, салмағы – 85 келі. Суда жүзу спортымен 2003 жылы 8 жасынан бастап айналыса бастаған. 2008-2012 жылдары Алматыдағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында оқыған.